Павлодарда салынып бітпеген түрмені жекешелендіруге ниетті кәсіпкерлер табылмады
Павлодарда толық салынып бітпеген түрменің электронды саудасы үшінші мәрте нәтижесіз аяқталды, деп - хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қалалық қаржы бөлімінің басшысы Галима Мұханова айтты.
- Сіздер "түрме" деген мекемені біз индустриялы аймақ деп атаймыз, - дейді Галима Мұханова. - Бұл жерде кешенді жоспарға енгізілмеген құрылыс жұмыстары аяқталмай қалған. Аталмыш нысан бойынша шешімді қалалық әкімдік шығарды. Осы ғимаратты жекешелендіру бойынша жеке үкім де бар. Қазіргі күні жекешелендіру жұмыстары жүруде, алайда, кешенді жоспарға енгізілмегендіктен, оның нақты уақыты анықталмайды. Екі рет электронды сауда өткіздік, ниеттілер табылмады. Сондықтан талаптарға өзгеріс енгізіп, үш жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік бердік. Бүгін сауда-саттық жасалу керек еді, бірақ оған ешкім қатысқан жоқ.
Еске салайық, өмір бойы жазасын өтеушілерге арналған 1500 адамдық ғимаратты 2005 жылы сала бастады. Сол кезде республикалық бюджет есебінен төрт миллиард теңге бөлінген. Алайда, құрылыс аяқталар кезінде қаржыландыру тоқтатылды. Астанада бұл ғимараттың қажеті жоқ деген шешім шығарылып, салынып бітпеген 12 гектарлық аумағы бар нысан Павлодар меншігіне берілді. Мұнда үш қабатты әкімшілік ғимараттар, бір және төрт қабатты екі блок, 50 адамдық асхана мен жатақхана бар. Барлық қажетті инженерлік коммуникациялар тартылған.
- Интернетте немесе электронды түрде пайдаланудың өзге де түрлерінде пайдаланушы әр кез «www.pavlodarnews.kz» веб-сайтының басты бетіне гиперсілтеме беруге міндетті.