Апалы-сіңлілі қыздарды қағып кеткен трамвай жүргізушісі екі жылға сотталды
Павлодарда апалы-сіңлілі қыздарды қағып кеткен трамвай жүргізушісінің ісіне нүкте қойылды. Сот шешімімен Наталья Пекнич екі жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Baq.kz.
Павлодар қаласының тұрғыны Наталья Пекничтың ісі қысқартылған түрде қаралды. Үкімді Павлодар қалалық №2 қылмыстық сотының судьясы Думан Серікбаев оқыды.
«Азаматша Наталья Пекничтың ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. Қылмыстық кодексі негізінде кінәлі екі жылға бас бостандығынан және бес жыл бойы көлікті басқару қызметінде еңбек ету құқығынан айырылады. Айыпталушы жазасын қоныс колониясында өтейтін болады», - деді Павлодар қалалық №2 қылмыстық сотының судьясы Думан Серікбаев.
Бұған дейін жалғызбасты ана Шынар Уәлитованың қорғаушысы моральдық шығын ретінде күдіктіден 1,5 млн. теңге талап еткен болатын. Алайда, кешегі сот барысында зардап шеккен ана райынан қайтты.
«Өз тарапымнан Павлодар облысның тұрғындарына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын. Осы арызым үшін халық арасында шу шыққанынан хабардармын. Мен сол моральдық өтемақы алып байығым келген жоқ, қызымның өліміне кінәліні жазалағым келді. Бар ойым осы болды. Өлім аузынан қалған қызым Марал үй жағдайында оқып жатыр, осы қорқынышты жағдайды қашан еске түсіреді деп алаңдаулымым», - дейді Шынар Уәлитова.
Еске сала кетсек, осы жылдың 7 қыркүйегінде таңғы сағат 7:43-те Ломов-Катаев көшелерінің қиылысында екі оқушыны трамвай басып кеткен еді. Салдарынан 12 жастағы Махаббат Масғұт жарақат алып, көз жұмды. Оның сіңлісі Марал Масғұт аман қалды, қазіргі уақытта үй жағдайында білім алып жатыр.