БЖЗҚ-да «Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік» тақырыбында ашық есік күні өтті
2017 жылдың 12 желтоқсанында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) барлық филиалдарында «Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік» тақырыбында ашық есік күні өткізілді, деп хабарлайды zakon.kz.
Қатысушыларға ашық есік күні бағдарламасына сәйкес көрнекі сипатта әзірленген баяндама көрсетілді. Соның аясында Қазақстандағы зейнетақы жинақтарының қалай сақталып, қалай табысты болатындығы түсіндірілді.
Айта кетелік, жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары тұрақты түрде инвестицияланады және оған күн сайын инвестициялық табыс есептеледі. Инвестициялық табыс тұрақсыз шама. Оның мөлшері қаржы нарығынан сатып алынатын бағалы қағаздардың нарықтық бағасына, шетелдік валюта бағамының құбылмалылығына тәуелді болады. Зейнетақы жинақтарының табыстылығы мен инфляция арасындағы айырма сомасы зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде алушыға бір жолғы өтемақы ретінде төленеді.
Қор қызметкерлері сондай-ақ мемлекеттік кепілдік бойынша төлемдерді алуға кімнің құқығы бар екендігі және оны алу үшін қайда жүгіну керектігін түсіндірді.
Қазақстан Республикасында зейнетақы жинақтарының сақталуына бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейді. «Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабына сәйкес, зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін есепке ала отырып, оның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.
Басқаша айтқанда, салымшы зейнеткерлік жасқа толған кезде оның зейнетақы жинақтарының табыстылығы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляциямен салыстырыла отырып есептеледі. Егер бір кезеңдерде табыстылық инфляциядан төмен болған болса, инфляция «жеп» қойған сол айырма сомасын мемлекет өтейді.
Демек, салымшылардың зейнетақы жинақтары қаржы нарығы мен инвестициялық нарықтағы құбылыстарға қарамастан сенімді сақталған.