Алматы облысында әйел азаматтық некедегі күйеуін пышақтап өлтірді
Алматы облысында 33 жастағы әйел азаматтық некедегі жолдасын өлтірді деген күдікпен қамауға алынды, - деп жазады Stan.kz.
Оқиға Талғар ауданында болған. 20 желтоқсан күні Туғанбай ауылының маңындағы вагондардың бірінен ер адамның мәйіті табылған.
Мерт болған 47 жастағы ер азамат пышақ жарақатын алған. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті бірнеше сағаттың ішінде қолға түскен.
«Күдікті өзінің түсініктемесінде азаматтық некедегі жолдасымен бірігіп ішімдік ішкенін айтқан. Екеуі өзара сөзге келіспей, іс насырға шапқан.
Сол сәтте күдікті жолдасына пышақ жарақатын салған. Қазір 33 жастағы әйелдің үстінен ҚР ҚК 99-бабы бойынша іс қозғалды. Тергеу жалғасуда», деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Күдікті әйел 1984 жылғы. Тұрғылықты мекенжайы Алматы қаласында тіркелген. Жас келіншек өз қылмысын жасырмақ болып ұялы телефонын да жағып жіберген. Алайда бұл айласы іске аспады дейді, полицейлер.