ОҚО-да «Астана - Тәуелсіздіктің жемісі» атты салтанатты шара өтті
Оңтүстік Қазақстан облысында Астананың 20 жылдық мерекесіне орай «Астана – Тәуелсіздіктің жемісі» атты салтанатты іс-шара өтті. «Екі жұлдыз» салтанат сарайында өткен шара қонақтары Астана туралы фото көрмесін тамашалады. Сахна шымылдығы «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Б.Рыспанбетовтың «Тәуелсіз Қазақстан» күйімен түрілді.
Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жиналғандарды мерекемен құттықтады.
«1997 жылы 10 желтоқсан күні Елбасымыз қазақ елінің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи Жарлыққа қол қойды. Бұл күн – тек елорда тұрғындарының ғана емес, бүкіл ел халқының мерейлі мерекесі. Баршаңызды осынау мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Кемеңгер саясаткердің осынау көреген шешімінің дұрыс екенін бүгінде уақыттың өзі дәлелдеп берді. Көп ұзамай Астана еліміздің экономикалық, саяси, мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналды» - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Мұнан соң өңір басшысы еліміздің дамуы мен өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан 20 меценатқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі мен Алғыс хат табыстады. Меценаттар арасында Шымкент қаласында аз қамтамасыз етілген 6 отбасыға арнап үй салып берген Ғани Ахметбаев, Арыс қаласы Байтоғай елдімекеніндегі М.Мәметов жалпы орта мектебі жанынан спорт кешенін салып берген Хадиша Нұртайқызы сынды кәсіпкерлер бар.
Айта кетейік, бүгінде облысымызда «Туған жер» арнайы жобасы бойынша демеушілер тарапынан жалпы 31 млрд. 467 млн. теңгені құрайтын 577 өңірлік жоба жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, қоғамдық келісімді нығайту, гуманисттік дәйекті қызмет ету, қоғамның рухани дамуына үлес қосқан 11 азаматқа Елбасы Н.Назарбаевтың алғыс хаты, құрмет грамотасы және «Бірлік» алтын медалі табысталды.
Сондай-ақ, елімізде алғаш рет Қазақстан Республикасында қайырымдылық пен меценаттық қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін Елбасының атынан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» төсбелгісімен Латипша Асанов, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен Әбілқасым Досболов, Бекмат Тұрдықұлов, Пак Юрий, Лидия Мехлик, Хасан Хамедовтер сынды азаматтар марапатталды.
Бұдан бөлек, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын халыққа насихаттау, түсіндіру жұмыстарында белсенділік танытқан 4 азамат еленіп, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі және алғыс хатпен марапатталды.
Шарада Астанада өтіп жатқан түрлі халықаралық іс-шаралар жəне Халықаралық спорттық ойындар, «ЭКСПО-2017» көрмесінің өтуі туралы бейнероликтер көрсетілді. Елімізге танымал өңіріміздің өнерпаздары Б.Тілеуханның «Жерім менің», С. Бəйтерековтің «Сарыарқа» жəне өзге де авторлардың «Астана», «Сәлем Астана», «Азияда алауы-Астана», «ЭКСПО-2017» сынды бірқатар əндерін орындады. Шәмші Қалдаяқовтың «Отан» əнімен қорытындыланған концерттік кеште «Қазына», «Тұмар», «Шамсинұр» би ұжымдарымен қатар гимнастшылар да атсалысты.