Қазақстанда балаларды тіркеудің бірыңғай базасы құрылады
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев балаларды тіркеуге арналған бірыңғай ақпараттық база құру және оны мәліметтер базасының Ұлттық реестріне енгізу туралы ұсынысты қолдады. Аталған ұсынысты бұдан бұрын бала құқықтары бойынша өкілетті Зағипа Балиева білдірген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Премьер-Министр өз сөзінде білім ұйымдарынан, жергілікті атқарушы органдардан, статистикалық бақылаудан алынатын мәліметтердің барлығы енгізілетін білімнің бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұрғанын еске салды.
«ҚР БҒМ бұған дейін ақпараттық жүйе - Ұлттық білім мәліметтер базасын құрды. Аталмыш ақпараттық жүйе тұрақты түрде жаңартылып отырады. 2018 жылдың соңына дейін аталған ақпараттық жүйені түрлендіру аясында 0-18 жастағы балалардың есеп жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Осы жүйе арқылы балалардың білім саласындағы, әлеуметтік көмек және өзге де қажеттіліктері қамтамасыз етіледі», - делінген депутаттық сауалдың жауабында.
Үкімет басшысы Әділет, БҒМ, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің арасындағы балаларды тіркеу бойынша ақпараттық жүйе үшін 0-18 жастағы балалар туралы мәлімет ай сайын өзара алмастырылып тұратынын хабарлайды.
«Осыған байланысты балаларды тіркеудің бірыңғай ақпараттық базасын ҚР БҒМ Ұлттық білім мәліметтер базасын жетілдіру жолы бойынша құрылады», - дейді ол.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын Зағипа Балиева Мәжіліс отырысында жоғарыда аталған ұсынысты білдірген болатын.
«Біздің елімізде 5,5 миллион бала бар. Бүгінгі күні мемлекеттің балалардың барлық жағдайын жасауға мүмкіндігі бар. Осы мәселелерді шешу үшін меніңше, Қазақстанда балаларды тіркеудің бірыңғай базасы құру жұмысы өте маңызды деп ойлаймын. Оны Ұлттық базаға енгізіп, осы базаға жауап беретін мемлекеттік орган құрылуы керек», - деген еді Зағипа Балиева.