Екібастұзда сүйіктілеріне ұсыныс жасап, тойға несие алдырған жігіт іздестірілуде
Павлодар облысының полицейлері алаяқтық жасап, бөтен мүлікті ұрлады деген күдікке ілінген Екібастұз қаласы Қоянды ауылының 1993 жылғы тумасы Салық Қағбатолла Қабдоллаұлын (Каба) іздестіруде, - деп хабарлайды Zakon.kz Павлодар облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екібастұз қаласының ІІБ-ге 24 жастағы жігіттің алдау жолы арқылы несие ресімдеуге көндіргені және сенімге кіріп, мүлкін (ақшалай қаражат, ұялы телефон) ұрлағаны туралы бойжеткен келіп шағымданған.
Алданған қыздардың біреуі 2017 жылғы желтоқсанның соңында әлеуметтік желіде танысып, хат алысқан. Қыздың мекенжайын біліп алғаннан кейін қаскөй үйіне қонаққа келіп, шай үстінде анасымен болған жалған қайғылы оқиға жайлы айтып берген. Бұдан кейін қолайлы сәтті пайдаланып, ақшасын, құнды заттарын ұрлап, қашып кеткен.
Тағы бір сұлумен алаяқ дәл солай әлеуметтік желі арқылы танысқан. Бұдан соң қаскөй оған тұрмысқа шық деп ұсыныс білдірген, кейін алдап, үйлену тойларына несие ресімдеуге көндірген. Ақшасын алғаннан кейін табанын жалтыратқан.
Егер сізге күдіктінің тұрғылықты жері белгілі болса немесе оның іс-әрекетінен біреу жапа шексе, Екібастұз қаласы ІІБ кезекші бөлімінің 102, 8 (7187) 75-06-06 телефондарына қоңырау шалыңыз немесе +77077004056 whatsapp нөміріне хабарлама жазыңыз.