Ақтөбеде бір жасар сәби анасының салғырттығынан соқыр болып қалды
Баласының тағдырына бей-жай қараған 29 жастағы келіншек аналық құқығынан айрылды, деп мәлімдейді Астана арнасы.
Полицейлердің сөзінше, үнемі спирттік ішімдік ішуден аузы босамайтын анасы бала тәрбиесімен айналыспаған. «Сәбиінің денсаулығына зақым келтірді» деген күдікке ілінген әйелге қатысты қылмыстық іс те қозғалған. Мас күйінде баланың көзіне дәрі емес, басқа бір сұйықтықты құйып жіберген болуы мүмкін деген болжам жасалыпты.
Дегенмен, сараптама нәтижесі сәбидің көзі аурудың асқынуы салдарынан көрмей қалғанын көрсеткен.
«Бұл дерекке қатысты сараптама тағайындалды. Сараптама нәтижесі бойынша баланың көзі көрмеуіне әйелдің қатысы жоғы анықталды. Қазіргі таңда қылмыстық іс тоқтатылды», – дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Қазір бір жастағы Александр сәбилер үйінің қамқорлығында. Мамандар оның жағдайы бірқалыпты, дамуында тежеліс жоқ деп отыр
Алайда сәбидің көз жанары енді емдеуге келмейді екен. Сондықтан мүгедектігін рәсімдеу үшін құжат дайындалып жатыр.
Ал әйелдің 5 пен 8 жас аралығындағы үлкен үш баласы қазір кәмелет жасына толмағандарға арналған бейімдеу орталығында. Олармен психологтар мен логопедтер жұмыс істеп жатыр. Енді бір айдан соң балалар үйіне жіберілмек.