Мені апай ұрды: Алматы облысындағы балабақшада 3 жасар қыздың басы жарылып, емханаға түсті
Үш жасар Земфира бір аптадан бері ауруханада жатыр. Бас сүйегі шытынаған, миы шайқалған. Жазықсыз бүлдіршіннің кімнен зәбір көргені белгісіз. Дәрігерлер де жағдайының мәз еместігін айтады, деп хабарлайды КТК.
“Келген кездегі баланың жағдайы ауыр болды. Бала реанимация бөліміне жатқызылды. Сол жерде емін алды. 59:03 Миының соғылуы бар. Жарақаттан кейін басында қан құйылу ондай белгілері жоқ. Мидың соғылуы ғана. Ол емделеді”, – дейді Алматы аймақтық балалар клиникалы ауруханасы директорының орынбасары Асқар Қалиев.
Балабақшаға өз қолыммен аман-есен апарып тастадым деген әкесі бар кінәні тәрбиешіге жауып отыр. Баласынан бұған дейін күдікті қылық байқамаған ол нақ тәрбиешінің ұрып-соққанына сенімді. Өйткені, апайы 7 қыз баланы жинап алып, 5 минутқа әжетқанаға кіргізіп алады. Сол жерде қол жұмсаған дейді әкесі.
“Қызым “мені апай ұрды”деп басын ұстады. Әжетханаға дейін балам ешқандай ауру белгісін білдірген емес. Содан шыққаннан кейін шамамен бір сағат өткенде қайта-қайта басын ұстап, ауырсына береді. Тәрбиеші де дереу қоңырау шалмай, өз бетінше емдемек болыпты”, – дейді Земфираның әкесі Исмайл Иминов.
Балабақшаның бейнебақылау камерасында тәрбиеші тарапынан ерсі қылық байқалмайды. Барлығы осы бір бөлменің ішінде болған. Бірақ, дәретханаға кіріп-шыққан кішкентай қыздың жан қиналысы көрінбейді. Одан соң ойнап, сабағына қатысып жүре береді. Тек екі сағаттан кейін жағдайы нашарлап, ақыры ата-анасына хабарлауына тура келіпті.
“Бірақ енді ата-ананың айтуы бойынша, бір ауыр затпен ұрды деп айтады. Ол кішкентай баланы ауыр затпен қалай ұруға болады. Бала ғой ол. Сонымен мен енді баланы тәрбиеші ұрды деп айта алмаймын. РОВД-ның нәтижесін күтіп отырмын. Ол кісілер бізге айтты, кезінде өзіміз айтамыз деді. Сонымен мен ешқандай әрекет істеп отырған жоқпын. Тек қана күтіп отырмын”, – дейді балабақша меңгерушісі Зағипа Өмірсерікова.
Болған жағдай бойынша аудандық құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр. Соңғы сөзді солар айтады. Ал әуелде аурухананың жансақтау бөліміне түскен бүлдіршін бүгінде ем-домын қабылдауда.
Кішкентай Земфира қазір травматология бөлімінде жатыр. Беті бері қарады деуге келмейді, жағдайы орта деңгейде. Ал әкесі бұл істі жай қалдырмай, облысқа дейін шағымданып, кінәліні қаматтырмай тынбаймын дейді. Әкесінің ашуы мен балағатына шыдамаған тәрбиеші де Исмайлдың үстінен шағымданып қойыпты.