Қазақстанның басым бөлігінде қатты аяздың беті қайтады
Қазгидромет республиканың көптеген өңірінде қалыптасқан қатты аяздың басылатынын хабарлады, деп жазады Хабар 24.
29 қаңтардан 30 қаңтарға дейін аяз Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында босаңсып, аптаның аяғында ауа температурасы -35-41 градустан -15-23 градусқа дейін, түнде -25-33 градустан -7-15°C дейін көтеріледі.
Оңтүстік аймақтарда түнгі температура -21-35 градустан -5-13°C, күндіз -15 -2-ден -2 + 3°C дейін көтеріледі.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қаңтарда синоптиктер орталық, солтүстік және шығыс облыстарда қатты аяз болатыны туралы дауылды ескерту жасаған болатын. Одан кейін қатты аяз еліміздің оңтүстік аумақтары Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарына да жетіп, 29 қаңтарға дейін осы ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды.