СҚО-да ішімдік ішіп автобус басқарған жүргізуші қолға түсті
Солтүстікқазақстандық жол сақшылары ішімдік ішіп автобусты тізгіндеген Оңтүстік Қазақстан облысының 44 жастағы азаматын ұстады, деп хабарлайды Хабар 24.
Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлап отыр. Қоғамдық көліктің жүргізушісі Тайынша ауданына қарасты «Келлеровка» бақылау-өткізу бекетінде қолға түсті. Ол Ресей Федерациясының Түмен қаласынан үйіне қайтып бара жатқан. Анықталғандай, осыдан бірнеше жыл бұрын азамат осындай заңбұзушылыққа барып, жүргізуші куәлігінен айырылған екен. Енді оны осы құжатынан тағы үш жылға айыру жазасы күтіп тұр.
Жалпы өңірде жүргізілген «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасының сегіз күнінде 200-ден астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылық анықталды.