ОҚО тұрғыны Шыңғыс ханның сүйегін іздеп, жерді 15 метр тереңдікке қазып тастады
Оңтүстікқазақстандық ерлі-зайыптылар алдыңғы жылы Шыңғыс ханның қайда жерленгенін айтып, бүкіл қоғам назарын өздеріне аударған болатын. Өздерін көріпкел санайтын олар ұлы қолбасшының сүйегі ОҚО аумағында екенін мәлімдеп, оны қазуға да кірісіп кеткен еді. Ерлі-зайыптылар қазір қазба жұмыстарын аяқтауға жақын қалғандарын айтып отыр. Енді 30 сантиметр қазсақ Шыңғысханның мүрдесін табамыз дейді олар. Бұл туралы sn.kz жазды.
Өзін сәуегей санайтын Гүлжанар Алтынбекова 2014 жылы түс көреді. Түсінде оған Манас бабасы аян беріп, жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханның қабірі қайда екенін айтыпты. Сөзіне сенсек, мүрде Арыс ауданына қарасты Лесхоз ауылындағы далада 15 метр тереңдікте жатқан көрінеді. Содан не керек, сәуегей әйел бұл түсін аянға жорып, қабірді іздеп табу керектігін түсініпті.
Осы жолда ерлі-зайыпты екеу не бір тауқыметті бастарынан өткергенін айтып отыр. Жерленген қабірді табу үшін 13 метр тереңдікті қазуға тура келіпті. Қазба жұмысы кезінде олар жер асты суының тосқауылына тап болып, оның емдік қасиетке ие екендігін де аңғарған. Алайда, басты мақсаты әйгілі ханды табу болғандықтан, жолдарынан жаңылыспай ары қарай қаза берген. Қазіргі таңда ерлі-зайыптылар қабірді табу үшін небәрі жарты метр қалғанын айтып отыр.
«Бабамыз жалпақ мрамор таста жатыр. Бұған қоса жанында қамшысы мен таспиқ бар. Сондай-ақ, оны түрлі зиянкестерден қорғайтын екі жарық беретін шамдар да орнатылған», - деп сендірді Гүлжанар Алтынбекова.
Отбасылық жұп қазба жұмыстарымен 2 жылдан аса уақыт айналысып келеді. Осы уақыт аралығында олар түсініксіз оқиғаларға тап болған.
«Бұл аумақтан біздер сазға жазылған жазбаларды қолға түсірдік. Бірі көлденең пішінге ие болса, екіншісі тік пішінге ие. Екеуінде де «Шыңғысхан баба» деген жазу бар», - деді отағасы Сман Өтеген.
Отбасылық жұптың айтуынша, олар беталды жүре бермей, нақты картамен жүреді екен.
«Шыңғыс хан моңғол емес, ол қазақ. Себебі табылған жазбада «Шыңғыс хан» жазуы кириллицамен жазылған», - дейді жергілікті тұрғын Махметкәрім Шанасов.
Ал, ғалымдар болса бұған күмәнмен қарайды. Қазақстан археологиялық институтының ресми тұжырымдамасы бойынша билеушінің қабірі адам қолы жетпейтін, жетем деп талпынатындар болса бақытсыздыққа душар қылатын жерде жатқанын жеткізген болатын.
«Шыңғыс ханның қабірі ОҚО-да жерленді деген ақылға қонбайды. Оны бұл жермен байланыстырып тұрған ештеңе жоқ. Біз оның қай жылы қайтыс болғанын, өз отаны Моңғолияда жерленгенін де білеміз», - дейді тарихшы, өлкетанушы ғалым Алексей Гончаров.
Қазір ерлі-зайыптылардың осынау жаңалығы ешкімді де таңғалдырып отқан жоқ. Өйткені, осыдан 15 жыл бұрын шымкенттік тағы бір жазушы Шардара ауданында Шыңғыс хан жерленген деп қоғамды дүр сілкіндіргісі келген еді.