Павлодар облысының тұрғындары су басу қауіпіне қарамастан қоныс аударудан бас тартуда
Ақсу қаласының тұрғындары жыл сайын туындайтын су басу қауіпіне қарамастан жайылым жерден көшуден бас таруда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста аймақ басшысы Болат Бақауов Ақсу қаласының әкімі Николай Дычкодан тұрғындарды көшіру жұмысы қалай жүріп жатқаны жайлы сұрады.
- Ақсу қаласындағы алты-жеті үйді су басатын, - деді облыс әкімі. - Мен осы тұрғындармен сөйлесіп, басқа жерге көшіру туралы тапсырма берген болатынмын. Кезінде жайылма жерде құрылыс жүргізілгені түсінікті. Бұл бағытта не тындырылды?
Николай Дычко су тасқынынан қорғайтын дамбаны бекіту жұмыстары толық атқарылғанын жеткізді.
- Жоспарланған шаралардан басқа, дамбаға жақын жерді су шайып кетуден сақтайтын ірі габаритті бетон орнаттық, - дейді Николай Дычко. – Оқу- жаттығу шаралары өткізілді. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалымен бірге су басудың алдын алу мақсатында суарқалықты уақытында ашу бойынша жұмыс атқарылды. Алайда тұрғындар сол жерден көшуден бас тартуда және үйлерін тастағылары келмейді. Ең шетте тұратын 80 жастағы әжеймен сөйлескен едім. «Ұлым, көмектесіңіздер, осында қаламыз» дейді.
Тұрғындардың қоныс аударудан бас тартып отырғанын облыстық ТЖД бастығының м.а. Самат Асайынов та растады.
- Бұл жерде дұрыс жұмыс істеу керек. Тұрғындардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көндіру қажет. Ол жердегі үйлер әбден тозығы жеткен. Тасқынның алдын алу үшін не істемедік дейсіз? Қаптар қойылатын. Бұған қоса, олар осындай уақытта сол жерде тұрмайды. Жазда саяжай ретінде ұстайды.
Аймақ басшысы аудандар мен қалалардың әкімдеріне елді мекендердегі су өткізетін құрылғыларды уақытылы тазартуды және қорғаныс дамбасының жағдайын тексеруді, су тасқыны мезгілін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Еске сала кетейік, 2015 жылы сәуір айында Ақсу қаласында төтенше жағдай орын алған болатын. Ертіс өзенінің ернеуінен асуы салдарынан 15-тен астам үйді су басқан.