Маңғыстау облысында жазасын өтеушілер жеке кәсіптерін ашты
Маңғыстау облысында сотталушылар темір торда отырып, кәсіп ашып, табыс тауып жатыр. Ақтаудағы ГМ 172/6 түзеу мекемесінде 7 бірдей жазасын өтеуші жеке ісін бастады. Олар өздерін ғана емес, өзге сотталушыларды да еңбекпен қамтып отыр. Қазір қатаң тәртіптегі түрмедегілердің 75 пайызы ақылы жұмысқа орналасқан. Олардың көпшілігі мекеме ауласындағы өңір кәсіпкерлері ашқан шеберханаларда еңбек етуде деп жазады Хабар 24 арнасы.
Жазасын өтеуші Стансилав Махтарулин жақында жеке кәсібін ашты. Түрме ауласындағы басшылар ұсынған шағын бөлмеде ағаштан түрлі бұйым жасайды. Сенімді өкілі арқылы сырттан тапсырыс қабылдауда. Астау сияқты ағаш ыдыстар мен сандық, орындықтарға сұраныс артып, жұмыс ауқымы көбейген соң 6 сотталушыны жұмысқа алған.
Станислав Махтарулин, жазасын өтеуші:- Түскен табысты көмекшілеріме бөліп беремін. Бір бөлігін отбасыма, әйелім мен балама салып тұрамын. Мұнда қолынан іс келетіндердің кәсіп ашуына жағдай жасалған. Бостандыққа шыққан соң бизнесімді кеңейткім келеді.
Адам өлтіргені үшін сотталған Қанат Тұрланов әлі 8 жылын өтеуі тиіс. Осы уақытта ол бос жүрмей ағаштан түйін түюді үйреніп алды. Қазір жиһаз құрастырып, жалақы алып жүр. Болашақта жеке шеберханасын ашқысы келеді.
Қанат Тұрланов, жазасын өтеуші:- Бір айдың жобасында жасадық осының өзін. Басқа да столдар келеді, заказдарға байланысты. 5-6 столды бір аптада. Сонымен уақытымыз жәймен өтіп жатыр.
Түзеу мекемесіндегі 540 сотталушының 75 пайызы жұмыспен қамтылған. Олар түрменің өндірістік алаңында өңір кәсіпкерлері ашқан шеберханаларда еңбек етуде. Бірі мұнайшы, теміржолшы сияқты арнайы жұмысшылардың киімін тігеді, енді бірі темірден мынадай отырғыштар, әткеншектер мен қақпалар жасайды. Жалақыларының тең жартысын мемлекет алдындағы қарызын өтеуге, қалғанын отбасыларына көмекке жібереді.
Бақыт Рамазан, 172/6 түзеу мекемесінің бастығы:- Кәсіптік колледжімізде 5 мамандық алады. Оның ішінде дәнекерлеуші, столлер, краншы, тағы да басқа мамандықтар, тігінші, наубайханашы. Осы мамандықтарды оқытады. Қаладан кәсіптік колледжен мұғалімдер келіп, сөйтіп бітірген соң қолдарына мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Ертең босап шыққаннан кейін осы мамандықтары бойынша жұмыс істеп кете берулеріне болады.
Алдағы көктемде абақтыда жатқан тағы бірнеше сотталушыға жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпкерлер жылыжай ашып, көкөніс өсіруді қолға алмақ.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев