Елбасы: 2022 жылдың соңына дейін студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуді тапсырамын
Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрлігіне кем дегенде 75 мың орындық жаңа студенттік жатақханалар салуды тапсырды. Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру мәселесін бөлек атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Елбасының айтуынша, әлемдік стандарттарға сәйкес білім беру жүйесін құру үшін мемлекет студенттердің тұрғылықты орындарына көңіл бөлуі керек.
"Басқа қаладан келетін студенттердің көбі қаланың шетінде, бір бұрышындағы орындарға қоныстанатынын бәріміз жақсы білеміз. Әрине, осыдан кейін сапалы білім беру туралы айту қиын", - деді Мемлекет басшысы.
ЖОО мен колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету үшін мемлекет басшысы ЖОО-лар мен колледждерге арнап жатақхана салуға мемлекеттік-жеке серіктестік принципі негізінде девелоперлік компанияларды тартуды ұсынды.
"Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысын біртіндеп жеке инвестициялауға кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржолата жоятын болады», - деді Елбасы.
Тақырыпқа қатысты барлық жаңалықтарды мына сілтемеден оқи аласыздар.