Атырауда әйелдерден құралған арнайы жасақ дайындықтан өтуде
Атырау облысының ішкі істер департаментінде алғаш рет әйелдердің арнайы жасағы құрылды деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Қыз-келіншектер қазір жекпе-жек, мылтық ату, медициналық және психологиялық жаттығулардан өтіп жатыр. Алғашқы топтағы 35 әйелді 10 түрлі талап бойынша кәсіби және әскери мамандар, халықаралық дәрежедегі спортшылар жаттықтырады.
Ішкі істер департаментіндегі түрлі бөлімшелерде қызмет ететін қыз-келіншектер қазір оқу-жаттығу орталығында арнайы дайындықтан өтіп жатыр. Талап түрлері ерлермен бірдей. «Қоғамдық тәртіп сақтаумен құқық қорғау кезінде әрі қиын-қыстау шақта өздерінің айла-тәсілдерін қолдана отырып, қылмыскерді ұстаудың тактикалық әрекеттерін үйретеміз», – дейді тәлімгерлер.
Алтай Байсұлтанов, ІІД арнайы дайындық орталығының басшысы:– Енді ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында әйел қызметкерлер де аз емес және олардың да ерліктерін көруге болады. Бізге үлгі болатындай еліміздің Әлия, Мәншүк, Хиуаздай апаларымыз кезінде өздерінің ерліктерімен үлгі көрсетіп кеткен.
Орталықта негізінен тәжірибелік жаттығулар жүргізіледі. Тәлімгерлер жекпе жек әдістері, тапаншамен автоматтан ату, психологиялық, бойындағы қорқынышты жоя білу, өміріне қауіп төнген қарапайым адамдарға көмектесудің әдіс-тәсілдерін жетік меңгеріп шығады.
Гаухар Сапарова, курсант:– Бұдан басқа біздерге алғашқы жедел-жәрдем көмекті қалай көрсету керек және психологиялық тұрғыдан қарапайым азамат-азаматшалармен қандай қарым-қатынаста болу керек екенін толықтай үйретуде. Бұның бәрі бізге алдағы уақытта қызмет атқару барысында дұрыс қолдана білу үшін өте қажет деп есептеймін. Бұл бір жағынан өте ауыр және қызық. Бәріне де шыдаймыз.
Жаттығулардың аяқталуына бір аптаның көлеміндей уақыт қалды. Әзірге тәлімгерлер тарапынан қатаң ескерту алып, болмаса ауырлыққа төзе алмай, шағым білдірген қыз-келіншек жоқ. Ал арнайы сертификаттар 8 наурыз әйелдер мерекесі қарсаңында табыс етіледі деген жоспар бар.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов