Шығыста 83 елді мекенге су жайылу қаупі бар
Шығыс Қазақстанның 83 елді мекеніне су жайылу қаупі бар. Бұл туралы «Көктем-2018» республикалық жаттығу жиынында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Азаматтық қорғаныс қызметінің өкілдері Шығыс Қазақстанда бас қосып, «Көктем-2018» республикалық жаттығу жиындарын өткізуде. Жиынның екінші күнінде төтенше жағдай мамандары Өскемен қаласы мен Глубокое, Зырян, Бесқарағай аудандарында тәжірибе өткізді.
Өскемен маңындағы «Ертіс-2» саяжай ауданында Ертістің тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды «Нива-Марш» ұшқыр қайығымен құтқару жаттығуы ұйымдастырылып, 13 қызметтің селбесіп жұмыс істеуі тексерілді.
Бұл уақытта теміржол қызметінің мамандары Глубокое ауданының Казиевка стансасында «рельстен шыққан вагондарды» жолға салумен әуре болып жатты. Ал пойыздың жолын тосқан тасқын су құм төсеу арқылы «ауыздықталды».
Зырян ауданының Зубовск ауылында құтқарушылар бөгеттен асқан суды «тоқтатты». Қар суы елдің мазасын енді «алмауы» үшін дамба биіктетілді.
Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағының жігіттері тікұшақ пен резеңке қайықтардың үйлесімді жұмысын көрсетіп, Бесқарағай ауданының су «құрсауында қалған» тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірді.
«Бұл жаттығуларға барлық облыстардан 15 жасақ қатысты. Шығыста су басу қаупі жоғары 83 елді мекен тіркеліп отыр. Бүгін сол елді мекендерге қандай көмек көрсете алатынымызды іс жүзінде тексеріп алдық. Жергілікті қызметтер қардың еру қарқынын, өзендердің мұздан арылуын ұдайы назарда ұстап отыр. Әріптестеріміздің бүгінгі бірлескен әрекеттерін «жақсы» деп бағалауға болады» - дейді Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Марат Күлдіков.
Екі күндік жаттығу жиынына Шығыс Қазақстан атынан 100 адам мен 33 техника қатысты.