Аягөзде зардап шеккендерге ШҚО әкімі бір айлық еңбекақысын аударды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Аягөз ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін құрылған "Аягөз-Болашақ" қорына бір айлық еңбекақысын аударды, деп хабарлайды BNews.kz ШҚО-ның ақпарат орталығына сілтеме жасап.
"Ең қиын жағдай Аягөзде болған. Біз бұл мәселені шеше алдық. Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың көпшілігі өз үйлеріне оралды. Қазір 73 адам мектеп-интернатта жатыр. Оларға жер-жерден гуманитарлық көмек келуде. Ауданда зардап шеккендерге көмек беру мақсатында "Аягөз-Болашақ" қоры жұмыс істеп тұр. Бүгін таңертең сол қордың есеп шотына өзімнің бір айлық еңбекақымды аудардым", - деді Даниал Ахметов.
Ал, облыстық "Парыз" қорынан бүгін түсте 50 млн теңге жіберілген. Аймақтың дін өкілдері де алғашқылардың бірі болып, жылу жинауға кіріскенін айта кету керек. Облыстық мешіттің ұйытқы болуымен "Шығыс асары" акциясы ұйымдастырылған. Акция аясында облыстың кез келген тұрғыны алғашқы қажеттілік заттары мен азық-түлікті мешіттерде ашылған пунктерге өткізе алады.
Сондай-ақ, "Нұр Отан" партиясы мен "Жас Отан" жастар қанаты гуманитарлық көмек қабылдау пунктерін ашқан. Ал қоғамдық белсенділер мен кәсіподақ өкілдері республика көлемінде "Тасқын-2018" акциясын қолға алып, 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинаған.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда ауа райының күрт жылуы және толассыз жауған жауын-шашын кесіренен 229 үйді су басқан. Олардың сегізі құлап қалған, 10-ы апаттық жағдайда, 193-і аула, 110-ы саяжай. Ең көп зардап шеккен өңір Аягөз ауданы болып отыр. Мұнда 189 үйге су кіріп кеткен. Оның сегізі құлап қалған. Қазіргі уақытта судың арыны басылып, тұрғындар үйлеріне қайтып оралды. Табиғи апат салдарынан зардап шеккендерге көмек ретінде облыстық Парыз қорынан 50 млн теңге аударылды.
Аймақ басшысы, табиғат апаты салдарынан баспанасынан айырылған ешбір отбасы далада қалмайтынын қадап айтты.
Еске салсақ, кеше ШҚО әкімі Даниал Ахметов Аягөз қаласына арнайы келіп, тұрғындармен кездесті және судан зардап шеккен аягөздіктердің ешбірі биліктің назарынан тыс қалмайтынын, барлығына тиісті деңгейде көмек көрсетілетінін жеткізді.
Осыған дейін ШҚО-да су жайылу салдарынан 400 адам эвакуацияланған болса, жасалған жедел шаралардың арқасында 136 үйдің ауласындағы су кетіріліп, 250 адам үйлеріне қайта оралғанын хабарлағанбыз.