«Қазақ Мессиі» әлемдегі ең талантты жас ойыншылар кітабына енді
Қазақстандық шабуылшы Еркебұлан Сейдахмет әлемдегі ең талантты және болашағы зор футболистер туралы кітап кейіпкерлерінің бірі болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Кітапқа Килиан Мбаппе (Пари Сен-Жермен), Матео Ковачевич («Реал»), Антони Марсьяль («Манчестер Юнайтед»), Джанлуиджи Доннарума («Милан»), Юлиан Вайгль мен Кристиан Пулишич (екеуі де дортмундық «Боруссияда» ойнайды), Александр Головин (мәскеулік ЦСКА), Александр Арнольд («Ливерпуль») және басқа да танымал ойыншылар кірген.
18 жасар Сейдахмет ақпан айында «Уфамен» ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды. Ол алғаш рет ресми матчта ресейлік клуб атынан «Анжиге» қарсы ойынға қатысты.
Ал Қазақстан құрамында алғаш рет наурыз айында ойнады. Ол Венгрия (3:2) мен Болгарияға (1:2) қарсы ойында негізгі құрамда ойнады. Венгрлермен ойнаған кезде Сейдахмет өз командасының үшінші голын соғып, құрама тарихында ең жас гол соғушы болды.