Қырғызстаннан Қазақстанға мал айдап өтпек болған ұрылар ұсталды
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті шекарадан заңсыз мал асыру қылмысының жолын кесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлайды, деп жазады Қазақпарат.
Қылмыстың алдын алуға ҰҚК әскери қарсы барлау бөлімінің, Жамбыл облысы ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының және «Арлан» арнайы бөлімшесінің күштері жұмылдырылған.
Мәлім болғандай, Меркі ауданының кейбір тұрғындары Қырғызстан Республикасында ұрланған малдарды Қазақстанда сату үшін мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс жерден заңсыз кесіп өтетіндері анықталды.
Ағымдағы жылдың 1 сәуірінде түнгі уақытта ұйымдастырылған іс-шараның нәтижесінде Меркі ауданының тұрғындары 13 бас ірі қара малын шекарадан кедергісіз өткізуді қамтамасыз етуі үшін шекара қызметшісіне пара бергендері рәсімделді.
Пара берушілердің тапсырмасы бойынша Қырғызстан аумағынан мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, заңсыз жолмен мал басын өткізгендері үшін шекара бекетінің аумағында 4 Қазақстандық азамат ұсталды. Сонымен қатар, бір мезгілде пара беруші екі азамат ұсталды.
Қазіргі таңда, аталған тұлғаларға қатысты «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Мемлекеттiк шекараны заңсыз кесіп өту дерегі бойынша материалдар жеке өндіріске бөлініп, тергеу реттілігі бойынша жіберіледі.