Өскеменде Абайдың бюстін сатқалы жатыр
Өскемендік скульптордың ұлы әкесінен қалған Абайдың бюстін саудаға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Танымал сауда сайтына шыққан хабарландыруда Михаэлистің кеудеден жоғары кесілген мүсіні, сондай-ақ Абайдың бюсті де бар.
Сайт қолданушылары мүсіннің осыдан 4 жыл бұрын Михаэлис көшесі мен Абай даңғылының қиылысында тұрған ескерткіштің бөлшегі екенін бірден таныды.
Хабарландырудың иесі атышулы мүсінді жасаған скульптор Владимир Самойловтың ұлы болып шықты. Ескерткіш авторының өзі 2 жыл бұрын өмірден өтсе керек.
«Әуелі облыстық мәдениет басқармасының тапсырысы бойынша Абай мен Михаэлистің ескерткіш композициясын жасадық. Ол елге ұнамай қалып, сүрілген болатын. Әкімдік жұмыстың шығынын қайтармады. Өйткені, екі арада жазбаша келісім болмаған. Одан кейін Шемонаиха ауданының әкімідігі Абай мен Гребенщиковтың мүсініне тапсырыс берген. Ол да аяқсыз қалып, әкемнің еңбегі еш кетті», - дейді Владимир Самойлов.
Скульптордың ұлы Абайдың кеудеден кесілген мүсінін 300 мың теңгеге бағалап отыр. Айтуынша, қаладағы музейлердің бірі хабарласып, оны сатып алатындарын айтқан екен.
«Абайдың мүсінін жасағаны үшін Шемонаиха әкімдігі әкеме 500 мың теңге беруі тиіс болған. Ол шарт соңына дейін жетпеді. Енді мен Абайдың бюстін 300 мың теңгеге сатуға мәжбүрмін. Қандай музей екені нақты есімде жоқ, жұма күні хабарласып, облыстық суретшілер одағынан қоңырау күтіңіз деген. Соны күтіп жүрмін» - дейді ол.
Ал Қазақстан Суретшілер одағының жергілікті филиалы ешқандай мүсін сатып алмайтындарын айтты. «Мүсіннің сатылатынын естігенбіз. Маған музейден емес, жеке тұлға хабарласты. Өнер жанашыры ретінде Абайдың мүсінін сатып алғысы келетінін айтып, ақыл-кеңес сұраған» - дейді филиал директоры Яна Агейкина.