Шымкенттегі балмұздақ сататын орындарда тазалық сақталмайтыны анықталды
Шымкенттегі балмұздақ сататын орындарда тазалық пен тиісті талаптардың сақталмайтыны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Балмұздақты жасауға қажет сүт өнімдері үй жағдайында әзірленіп, қызметкерлерде санитарлық кітапшалар болмаған. Тиісті тексеру шараларын жүргізген Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары осындай кемшіліктерді анықтаған.
Департамент мамандарының сөзінше, Шымкентте адамдар балмұздақтан жаппай уланған соң санитарлық дәрігерлер қалада құймалы тәтті сататын 68 дүңгіршекті анықтаған. Солардың 57-сіне тексеру жүргізіліп, тазалық нормаларының сақталмайтыны белгілі болған.
"20 сауда орны құзырлы мекемелерге құймалы балмұздақ сататыны жөнінде хабар бермеген. Бес дүңгіршекте су құбырлары мен кәріз жүйелері тартылмағаны анықталды. 16 нысанда пастерленбеген сүтті пайдаланған, алтауында сүт өнімдерінің сапасы және қауіпсіз екенін дәлелдейтін құжаттар болмай шықты. Бұдан бөлек сауда нүктелеріндегі 16 қызметкерде медициналық кітапшалар жоқтығы, 17 адам талапқа сай киімдер кимейтіні анықталды. 21 дүңгіршекте балмұздаққа қажетті қоспалар үй жағдайында дайындалатыны белгілі болған", - деді ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов.
Қазіргі таңда барлық кемшіліктер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қабылданбақ. Ал, жұрттың жаппай улануына себеп болған «Южное» сауда нүктесі сот шешімі шыққанға дейін уақытша жабық тұр. Сала мамандарының сөзінше, тиісті тексерулер бойынша соңғы қорытынды осы аптаның соңында белгілі болады.
Естеріңізге сала кетейік, наурыздың соңында балмұздақтан уланған 188 адам Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасына түскен еді. Олардың арасында балмұздақ сататын орынның екі қызметкері сальмонеллез жұқтырып жатқызылған болатын. Тағы бір сатушыдан стафилококк таяқшасы табылды. Тиісті тексеру шаралары барысында «Южное» сауда нүктесінен көптеген кемшіліктер анықталып, осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әлі де жүргізілуде.