Қазақстандағы кітапханалар заманауи білім беру орталығына айналады
Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия жүзеге асыратын жаңа бастамаларды таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Нұр Отан" партиясының жаңа бастамалары қатарында кітапханаларды заманауи білім беру орталығына айналдыру жобасы бар.
"Қазақстандағы кітапханаларды әртүрлі шаралар өтетін, жастар қуана баратын, өскелең ұрпақтың кітапқа қызығушылығын туғызатын, түрлі форматта кездесулер ұйымдастыруға болатын заманауи білім беру орталығы ретінде құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмысты біз үкімет пен мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп жүзеге асырмақпыз", — деді Әшімбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бүгінде республикада мектеп және жоғары оқу орындардағын қоса алғанда, 11 мыңнан астам кітапхана бар. Сондай-ақ, мәдениет және спорт министрлігінің қарамағында 4 мыңнан астам кітапхана бар.
"Біз трансформацияны облыстық деңгейдегі кітапханалардан бастаймыз. Соларды заманауи білім беру орталығына айналдырсақ, қоғамда білімге деген құштарлықты, білімділікті күшейтетін жоба болады деп сенеміз. Осы жобаны жүзеге асыруға кәсіпкерлерді, мемлекеттік емес ұйымдарды шақырамыз", — деді партия төрағасының бірінші орынбасары.
Әшімбаев әзірге аталған жоба тек ірі кітапханаларды қамтитынын, егер бастама сәтті шықса, аудандық кітапханалар қамтылуы мүмкін екенін атап өтті.
"Біз мәдениет және спорт министрлігінің жүйесіндегі 4 мыңнан астам кітапханамен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Алғашқы кезеңде бұл тетікті сынақтан өткізіп, қалай жұмыс істейтінін байқау керек. Жаңа модель облыс орталықтарында сәтті жүзеге асса, онда келешекте аудандық деңгейдегі кітапханаларды қамтуға тырысамыз", — деді ол.