Академик Шора Сарыбаев қайтыс болды
Қазақ тілі диалектологиясы ғылымының негізін қалаушылардың бірі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Шора Сарыбаев қайтыс болды, деп хабарлайды Вaq.kz.
«Қазақ тіл ғылымы 2018 жылдың 1 мамырында орны толмас қайғыға душар болды. ҚР ҰҒА академигі, танымал тілші-ғалым Сарыбаев Шора Шамғалиұлы 94 жасқа қараған шағында дүниеден озды», - деп хабарлады институттың баспасөз қызметі.
Қаралы митинг 3 мамырда сағат 10.00-де Ғылым академиясының ғимаратында (Құрманғазы көшесі, 29) өтеді.
Шора Шамғалиұлының қазақ тіл білімі мен түркітануға қосқан үлесі зор, қайраткерлік елеулі еңбегі - көпке үлгі.
Шора Сарыбаев 1925 жылы наурыз айының 2 күні Ташкент қаласында әйгілі ағартушы, әдіскер ғалым Шамғали Харесұлы Сарыбаевтың отбасында дүниеге келген.
Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебін, 1945-1950 жылдары ол кезде С.М.Киров аталған Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, оны бітіргеннен кейін қазақ тілі кафедрасында аспирантураға қалдырылады.
1954 жылы профессор Мәулен Балақаевтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі одағайлар» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Сол жылдан бастап осы күнге дейін қол үзбей ҚР ҰҒА Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында еңбек етіп келеді.
Алғашқыда аға ғылыми қызметкер, одан кейін 30 жылдан астам уақыт қазақ тілі тарихы мен диалектология бөлімінің меңгерушісі, ал 1979-1987 жылдары Тіл білімі институты директорының орынбасары болып қызмет атқарды. Бүгінге дейін институттың бас ғылыми қызметкері болып жемісті жұмыс істеп келді.