Шымкентте тіркеусіз тұрған мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Шымкентте 4 күн бойы «Тіркеу» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп, 15 мыңнан аса көпқабатты тұрғын үй мен жекелеген баспаналар тексерілді. Нәтижесінде 959 заңбұзушылық жайты анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, шара барысында 1399 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелген. Оның ішінде ең көбі Әл-Фараби ауданында тіркеліп отыр. Аталған ауданда - 471, Абай ауданында - 351, Қаратауда - 277, Еңбекші ауданында 30 әкімшілік құқықбұзушылық жайттары анықталған. Тексеру кезінде мекенжайы бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 959 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Тағы 644 азамат ішкі істер органдарына есепке алынып, қабылдау-тарату орындарына құжатсыз жүргені үшін 29 тұлға жеткізілді.
Әкімдік өкілдерінің сөзінше, ағымдағы жылдың 10 мамырынан бастап іс-шараның екінші кезеңі басталады. Жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен, тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғандарға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.