Жамбыл облысында жауынгерлік парадқа соңғы дайындық пысықталды
Отан қорғаушы күніне арналған шеру екі күннен кейін, яғни мамырдың 7-сі Отар даласында өтеді, деп хабарлайды Хабар 24.
Бұл – жауынгерлік парад алдындағы соңғы дайындық. Кемшіліктер болса, осы жерде елеп-ескеріп, кейін шеру алдында жою керек. Олқылықтардың орнын толтыруға бұдан былай мүмкіндік болмайды. Сондықтан сайыпқыран сарбаздар, айтулы офицерлер мен даңқты генералдар бүгінгі шараға аса жауапкершілікпен қарап отыр.
Отан қорғаушы күніне арналған парадтың сценарийі туралы қысқа да нұсқа. Алдымен әскерилер сымдай тартылып, сап түзейді. Кейін жауынгерлер қазақ әскерінің әлеуетін көрсетеді. Міне, осы жерде айбынды әскеріміздің бірлігі мен күш-қуаты сыналады. Ұшақтар мен тікұшақтар, танкілер мен зеңбіректер, десантшылар – бұлардың бәрі заңсыз қаруланған құрылымдардың көзін жоюы тиіс. Шартты ұрысқа бас-аяғы 3 мыңнан астам сарбаздар мен сардарлар, 300-ден аса әскери техника және 40 шақты әуе көлігі жұмылдырылады.
Бұл парадтың тағы бір ерекшелігі сол, осы жолы алғаш рет аймақтық қорғаныс бөлімшелеріне Жауынгерлік ту тапсырылады. Байрақты қабылдайтындар – облыс әкімдері, Астана мен Алматы қалаларының басшылары.
Осыншалық кең көлемде ел тарихында екінші рет өтетін салтанатты шеру мамырдың жетісі күні республикалық телеарналардан тікелей эфирде көрсетіледі деп жоспарланып отыр.