Түрмеден қашқан 21 сотталушыға төтеп берген жас сарбаз
2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының тумасы Ербол Отарбаев Ақтауда Отан алдындағы борышын өтеп жүріп, асқан ерлік көрсетті. Небәрі 19 жастағы сарбаз Ақтау түрмесінен қашқан 21 сотталушыға жалғыз өзі қарсы тұра білді. Осыдан 8 жыл бұрын 22 маусымда болған оқиғаны Ербол Отарбаев ҚазАқпарат тілшісімен бірге еске түсірді.
Ақтау қаласындағы қатаң тәртіптегі түрмеде таңғы сағат 5 шамасында 21 сотталушы қашуға тырысады. Сол кезде 6- бекетте тұрған жауынгер әскери жарғы талаптарына сай қимылдап, оларға тойтарыс береді.
«Ол кезде бір бекетте бір ғана жауынгер күзетте тұратынбыз. Сол күні таңға жуық суық қарумен қаруланған сотталушылар алдымен трансформаторды жарды, жарық түгел сөніп қалды. Кейін мен тұрған 6-шы бекетке оқ атып, жақындай түсті. Дала қап-қараңғы болғандықтан жазасын өтеушілерді көру мүмкін болмады. Олардың тіпті қанша адам екенін де білмедім. Түрменің сыртында ағаш қоршау жəне одан кейін ағаштан жасалған маскировочный негізгі қоршау болатын. Соны сындырып қаша бастады. Мен өз міндетімді атқара отырып, сотталғандарға қашуға жол бермеуге тырыстым. Алдымен АК-74 қаруымен жарық шыққан жаққа қарай оқ аттым. Менде бар болғаны 20 дана оқ болатын. Соны үнемдеп маған оқ атқан адамға қарай аттым. Ол сол жерде мерт болды. Бекеттен шыға берген кезімде бір сотталушының маған қарай көтеріліп келе жатқанын көрдім. Ол мені көре сала ізкесушілердің жолағына секіріп түсті. Мен оған қарай атқан кезде ол сол жерде құлап, көз жұмды. Оның құлағанын көріп, жанындағы жазасын өтеуші қолындағы сөмкелерін тастай салды. Сыртқа қарай қашуға тырысты. Оған қарай көздеп атқан кезімде дәл тиіп, ауыр жараланды. Артынша мен сол жаққа бұрылған кезімде қарсы тарап маған оқ атты», - дейді Ерлан Отарбаев.
Сотталушы атқан оқ сарбаздың өкпесіне тиіп, биіктіктен жерге құлаған. Ауыр соққыдан оның қолы мен қабырғасы да сынады. Ол өзіне қарай бір адамның жүгіріп келе жатқанын көреді.
«Сотталушылардың бірі мені бауыздауға немесе атуға келе жатқан шығар деп ойладым. Бір қолыммен оны атуға тырыстым. Алайда қаруымда оқ таусылып қалыпты. Содан, 7-ші күзет орнына шегінуге тырыстым. 10 метрдей жүріп барып, құладым. Орнымнан тұрып, тағы 10 метрдей жүрдім, қайта құладым. Сол жерде аузымнан қан кетіп, есімнен танып қалдым. Өлдім деген ой болды. Есімді жисам, жаныма қарауыл бастығы келіпті. Ол маған алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін, қанша адам қашқанын, қай бағытқа кеткенін сұрады. Мен тек қана «көп» дегенді айттым, одан кейін тағы есімнен танып қалдым», - дейді жауынгер.
Артынша оқиға орнына жедел-жәрдем қызметі келіп, ауыр жарақаттанған сарбазды Ақтау қаласындағы ауруханаға жеткізген. Науқас жігіт арада төрт күн өткеннен кейін ғана есін жинапты. Жансақтау бөлімінде жеткізілген Ербол Отарбаевқа дәрігерлер ота жасаған. Оған өкпесінің 25 пайызын кесіп тастағанын, енді 2-ші топтағы мүгедек екенін де айтқан. Араға 20 күн салып, сарбаз Астана қаласындағы әскери госпитальға ауыстырылады. Ол жерде дәрігерлер үш рет ота жасап, шашылып кеткен қол сүйектерін қайта қалпына келтірген.
«Кейіннен естіп білдім, қашқан сотталушылардың жартысы Түрікменстанға шекара аспақ болыпты. Оларға белгілі бір адамдар көмектескен. Қалғандары көлікпен қашып, Шетпет тауындағы жарға тығылған екен. Сол жерде төртеуі көлікті жарып, өз-өздерін өлтірген болып шықты. Тірі қалған бес сотталушы мен оларға көмектескен алтыншы адам өз еріктерімен берілген. Солары ғана тірі қалыпты», - дейді бейбіт күннің батыры.
Мəлім болғандай, түзеу мекемесінде ол кезде белгілі бір күн тәртібі болмаған. Соны пайдаланып, сотталушылар уақыттарының басым бөлігін түрме ішіндегі мешіт пен шіркеуде өткізген. Теріс діни ағымына кіріп кеткендер сол мешіттің астынан жерді қазып, жасырын түрде қару-жарақ пен азық-түлік сақтаған екен. Ал суық қару түзеу мекемесіне ет тасымалдаған мұздатқышта жеткізіліпті.
Кейіннен осы жағдайларға байланысты түрме басшылығы мен бірқатар қызметкерлер сотталып, 7 жылдан 13 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Сондай-ақ барлық мекемелердегі мешіттер мен шіркеулер жабылып, қоршаулар 6 метрлік бетонға ауыстырылды. Қазіргі кезде түзеу мекемелерінде жағдай реттелген. Ал көзсіз батырлық танытқаны үшін Ербол Отарбаев бала кездегі арманы жетегімен әскери қызметші болып, Петропавл қаласындағы жоғары әскери оқу орнын үздік дипломмен тәмамдады. Ол 2010 жылдың 15 желтоқсанында ҚР Президентінің Жарлығымен ІІІ-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Жоғары әскери оқу орнын бітірген соң да Мемлекет басшысының қолынан лейтенант шенін алған.
«Елбасыға барған кезімде ол кісі маған «Қызметіңді жалғастыр, елің үшін қызмет ет. Жоғары оқу орнына түс» деп айтты. Кейіннен лейтенант шенін алған кезімде де Елбасы мені таныды. «Жарайсың, қызметіңді жалғастырыпсың» деген сияқты пікірін білдірді. Арада бес жыл өтсе де мені ұмытпағанына таңғалдым», - дейді Ербол Отарбаев.
Бұдан бөлек, сарбазға Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов қызметтегі адалдығы үшін бір бөлмелі қызметтік пәтердің кілті мен есімі жазылған алтын сағат берген. Қазір әскери қызметші Шымкент қаласындағы №66/98 әскери бөлімінде тәрбие және әлеуметтік құқық жұмыстары жөніндегі бөлімше бастығының көмекшісі қызметін атқарып жүр. Ол мерзімді әскери борышын өтеуге келген сарбаздарға тәрбие сабақтарын өткізеді. Ал жуырда әке атанған азаматтың отбасында Руслан есімді ұлы өсіп келеді.
Айта кетейік, Ербол Отарбаевтың ерлігінің үлгісінде елімізде қалың көпшілікке «Алтыншы бекет» атты көркем фильм түсіріліп, ол биылғы жылы наурыз айында көрерменге жол тартты.