Қыздар университетінің студенттері халықаралық өнер байқауында бас жүлдеге ие болды
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультетінің 2-курс студенттері Назерке Жұмабек пен Жансая Сәрсенбай «Жеті Өнер» Халықаралық балалар мен жастар шығармашылық фестивалінде бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды zakon.kz оқу орнының Баспасөз орталығы берген ақпаратқа сілтеме жасап.
«Жеті Өнер» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған өнер сайысына Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан келген 30-дан астам жас өнерпаз қатысты.
Екі күнге созылған іс-шараның мақсаты – педагог-ұстаздардың, конкурсанттардың байқау барысында өзара достасуына жол ашу, білім беру саласының педагогикалық қызметкерлерінің шығармашылық қызметін дамыту, балалар мен жастарға көркем эстетикалық тәрбие беру және дарынды жастарға шығармашылық тұрғыдан қолдау көрсету. Сонымен қатар, ұлттық ортаны қалыптастыруға жол көрсетіп суырып салмалық, әмбебаптық қабілеттеріне баса ден қою (ақындық, шешендік шеберлігі, түрлі ұлттық аспапта ойнау, т.б.) табиғи танымдық қабілеттерін айқындау.
Өнер байқауы «Аспапта орындаушылық өнері», «Дәстүрлі ән өнері», «Ән салу өнері», «Хореографиялық өнер», «Мәдени-тынығу жұмысы» және «Бейнелеу өнері және Сәндік өнері» номинациялары бойынша жүргізілді.
Байқауға елімізге белгілі мәдениет қайраткерлері мен өнер майталмандары қазылық жасады.
– Ұлы Абай өз қарасөзінде: «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» деген екен. Ғасыр ғұламасының қаншама жылдар бұрын айтып кеткен даналығы, күні бүгінге дейін өз өміршеңдігін жойған емес. Расымен де, бүгінгі ғасыр – жаңалығы желмен жарысқан, ой өрісі ғарышпен таласқан заңғар жастардың заманы. Ұлттық төл өнерімізді дәріптеу және мәртебесін көтеру мақсатында өткізілген «Жеті Өнер» фестивалі – әрбір жастың келешегіне жол ашады. Осы тұста Жүсіп Баласағұнның: «Әр бала жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» деген сөзі еске түседі. Заман талабына сай, әлем кеңістігінде білім додасынан тайсалмайтын жас жеткіншектерді тәрбиелеу басты парыз, – дейді шара ұйымдастырушылары.
Қыздар Университетінің атынан қатысқан Жансая Сәрсенбай мен Назерке Жұмабек байқауда «Аспапта орындаушылық өнері» аталымы бойынша өнер көрсетіп, сайыстың бірінші айналымында күйші-композитор Ермұрат Үсеновтың «Кербез сұлу» күйін, ал екінші кезеңде күйші Мәлғаждар Әубәкіровтың шығармасын орындады. Байқау қорытындысы бойынша оқу орнының студенттері қазылар алқасы тарапынан жоғары ұпайға қол жеткізіп, бас жүлдеге ие болды. Айта кетейік, студенттерді фестивальға Өнер және мәдениет факультетінің аға оқытушылары Дидар Ахметжанова мен Айсұлу Мұқанова дайындады.