Сағынтаев көмірге қатысты: былтыр болған келеңсіз жағдай қайталанбасын
Сурет: zakon.kz
Үкімет басшысы алдағы жылу беру маусымында көмір тапшылығына жол бермес үшін, министрлерге жауапкершілік жүктеді.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында алдағы күзгі-қысқы мерзімге дайындықты бастауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Барлығымыз – орталық жəне жергілікті атқарушы органдар алдағы күзгі қысқы мерзімге дайындықты бастауымыз керек. Энергетика, инвестициялар жəне даму министрліктеріне жылу беру маусымына дайындық кезінде мониторинг жүргізуді тапсырамын. Облыс əкімдері коммуналдық сектор мен əлеуметтік сала нысандарының жоспарланған жөндеу жұмыстарын қамтамасыз етсін", —деді үкімет басшысы.
Осы орайда Сағынтаев жылу беру маусымында былтырғыдай көмір тапшылығын болдырмауды тапсырды.
"Былтыр болған келеңсіз жағдайды қайталамауымыз қажет. Оның бəрі қолдан жасалған, біздің бақылауымыздың төмендігінен болған жағдай. Көмір Қазақстанда өте көп өндіріледі, тек өзімізге ғана емес, сыртқа да шығарамыз. Сол себепті құрметті əріптестер, əсіресе, өңірлердегі әріптестер, Қанат Алдабергенұлы (Бозымбаев, энергетика министрі – автор ескертп.), бұған баса назар аударып, тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырамын. Тимур Мұратұлы (Сүлейменов, ұлттық экономика министрі – автор ескерт.), көмір бағасының негізсіз өсуі мен алыпсатарлық əрекеттерге жол берілмесін. Бұл мәселе Асқар Ұзақбайұлы (Мамин, премьер-министрдің бірінші орынбасары – автор ескертп.) сіздің бақылауыңызда", — деді премьер-министр.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript