Пара алған әскери комиссар 9 млн теңге айыппұл төлейтін болды
Қарағанды гарнизонының Әскери соты Жезқазған қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бұрынғы басшысына қатысты үкім шығарды. Подполковник Руслан Шакирханов барлық әскери атақтарынан айырылып, 9 млн теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Baq.kz.
Қарағанды гарнизонының Әскери сотының ақпараты бойынша, 2018 жылдың 8 ақпаны күні Жезқазған қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы Руслан Шакирханов өзінің қызмет кабинетінде пайдакүнемдік ниетпен 150 мың теңге көлемінде пара алған.
Подполковник Р.Шакирхановқа пара әскер қатарына шақыртудан босату үшін берілген. Осыдан кейін ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлерімен ұсталған. Руслан Шакирхановқа пара алды деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған болатын.
«Сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 366-бабы 2-тармағына сәйкес, Руслан Шакирхановты кінәлі деп тауып және оның кінәсін жеңілдететін жағдайларды ескере отырып оған 60 айлық көрсеткіш көлемінде, яғни 9 миллион теңге айыппұл төлеуді міндеттеді. Сондай-ақ, сот оны әскери атақтарынан айырды», - дейді Қарағанды гарнизоны Әскери сотының төрағасы Айдар Исабеков.
Қарағанды гарнизоны Әскери сотының мәліметі бойынша, сот үкіміне қарсы шағым түсірілмеді және ол заңды күшіне енді.