Астанада әкесінің көлігін мінген жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылады
15 мамыр күні Астанада әкесінің көлігімен екі әйелді қағып кеткен жасөспірімнің ісі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, жасөспірімнің ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Жасөспірім ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуда», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Айта кетсек, Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ал аталған жол-көлік оқиғасы бойынша жасөспірім 17 жасқа толып қойған.
Еске сала кетсек, оқиға 15 мамыр күні кешкісін болған еді. ІІД-ден хабарлағандай, Митсубиси маркалы автокөлікті тізгіндеген жасөспірім Жеңіс даңғылы мен Мәскеу көшелерінің қиылысында бағдаршамның рұқсат етілген белгісіне өтіп бара жатқан жаяу жүргіншілерді қағып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан. Астана қалалық ІІД ЖПҚ іздеу бөлімі мен жол-патрульдік полициясы полкінің тәртіп сақшылары Мәскеу көшесіндегі үйлердің бірінің ауласынан құқық бұзушыны бірден тауып алып, ұстады. Ол 2001 жылы туған жасөспірім болып шықты.