ОҚО-да оқушы қыз 15 жасында 60 жастағы жездесінен бала босанған
Оңтүстік Қазақстан облысында кәмелеттік жасқа толмаған қыз бала сәбиімен бірге жертөледе тұрып жатыр. Небәрі 15 жасында ана атанған жасөспірімнің барар жері, басар тауы да қалмаған. Ал, оны осындай күйге түсірген туған жездесі 18 жылға сотталып кеткен. Қазір, жас ана әркімнің әкеп берген азық-түлігіне жан бағып отыр, деп хабарлайды stan.kz Евразия арнасына сілтеме жасап.
Небәрі 15 жасында ана атанған қыз бала осы. Аты-жөнін өзгертіп, бет жүзін көрсетпеуді ұйғардық. Жақында оның сәбиі 2 жасқа толады. Айтуынша, өзін анасының туған жездесі зорлаған көрінеді. Бір емес бірнеше рет төсектес болған ол ақыры жүкті болып қалған.
«Босанып, роддомнан шыққан кезімде, кейін бір айлығында ма әлде бір жарым айлығында ма келген бір рет. Әйелі келді, кейінен екі баласы келді. Документтің бәрін істеп береміз, кешірім бер деп. Баланы өз жауапкершілігімізге аламыз деп. Бесігін әкеп береміз, бесіктің көрпе-төсектерін әкеп береміз деді. Өзіміз хабарласамыз деді. Тіпті, мамамның телефонын да жазып алып кетті. Бірақ, олардың ешқайсысы да хабарласқан жоқ» – дейді жас ана.
Кейін 60-ты алқымдаған ақсақал қамауға алынған. Өзінің некелі жары және екі баласы бола тұра неліктен мұндай азғындыққа барғаны белгісіз. Ұзақ уақыт тергеуден соң, сот үкімімен 18 жылға абақтыға жабылды. Содан кейін апалы-сіңілі ағайындылар бір бірімен араласуды қойған. Жәбір көрген жас ана шешесімен бірге Шымкентте тұрады. Басыбайлы баспанасы, тұрақты жұмысы жоқ. Сондықтан әркімнің жертөлесін паналауға мәжбүр.
«Амал жоқ ауырады, амал жоқ барар жеріміз, барар тауымыз болмаған соң, паналап отырмыз. Кімге барып менің жағдайым осы деймін. Қашанға жұрт маған көмек береді» – дейді қыздың анасы Жанатгүл Баелова.
Аядай ғана жертөледе анасы, өзі және бауырымен баласын қосқанда төрт жан тұрады. Әсіресе, қыс мезгілінде өте қиын. Жылу құбыры жүргізілмегендіктен, қабырға сызаттанып тұрады үнемі. Соның кесірінен, екі жасар Рамазан сыртқатқа шалдыққан. Оның дәрі дәрмегін алып беруге қаражат жоқ. Себебі, барлығы жас ананың степендиясымен ғана күн көреді.
«Жиі-жиі сырқаттанып қаламыз. Біресе мамам да ауырып қалады. Колледжден көп қаламын. Менің де қалғым келмейді, бірақ балам ауырып қалады, температура болып. Анам ауырып қалады, жаңағының өзінде далада жүр еді давлениесі көтеріліп, баспалдақтан құлап кетіпті» – дейді
Мектеп оқушысын зорлаған қария Бәйдібек ауданы, Қошқар ата ауылында тұрған. Осы оқиғадан кейін отбасының шырқы бұзылыпты. Бірақ, ауылдастары мұны жала деп отыр. Сонда да отанасы күйеуінің ауыртпалығын көтере алмай, жуырда жүрегіне ота жасатқан.
«Шалымның ешқандай кінәсі жоқ. Ешкімге пәлен демейді шалым. Момын менің шалым. Ешқандай қой аузынан шөп алмайтын еді менің шалым» – дейді сотталушының жұбайы Ботагөз Баелова.
Бірақ, бұл отағасының жазасын жеңілдетпейтіні сөзсіз. Себебі, тергеу кезінде оның сексуалдық іс әрекеті дәлелденген. Ал, жас ана осы күні қаладағы колледждің бірінде оқиды. Болашақта кондитер маманы болуды армандайды.