Тәртіп сақшылары жасөспірімдермен жұмысты жандандырды
Жыл басынан бері Түркістан қалалық ІІБ-ның Ювеналды полиция тобы жасөспірімдер тарапынан орын алатын құқықбұзушылықтар мен қылмыстарды болдырмау, олардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында басқа да құзырлы орган қызметкерлерімен бірлесе отырып жұмыстар атқаруда, деп жазады otyrar.kz.
Осы жылдың 4 ай шеңберінде басқарма бастығының ұйымдастыруымен қалалық әкімшілік, білім бөлімімен бірлесіп жасөспірім оқушылар мен колледж студенттерінің арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында қала аумағында орналасқан мектептерде 400 кездесу ұйымдастырып, онда лекциялар оқып, әңгіме жүргізген.
Сондай-ақ, аталған кезеңде түркістандық полицейлер «Жасөспірім», «Жасөспірім –Заң-Қауіпсіздік», «Бақытты балалық шақ» жедел профилактикалық іс-шараларын ұйымдастырып өткізген.
Жалпы 4 айда жасөспірімдерге қатысты 204 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Соның ішінде, түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде жүруі – 20, түнгі уақытта көшеде жүруі бойынша – 148 дерек тіркелген.
Түркістан ҚІІБ –де есепте тұратын және қолайсыз отбасында тәрбиеленетін 22 жасөспірім бар болса, полицейлер олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін және салауатты өмір салтын насихаттау мен қалыптастыру мақсатында, балалардың қызығушылығына қарай спорттық және т.б. үйірмелерге ақысыз қатыстыруды қолға алған.
Сонымен қатар, жасөспірімдердің құқығын қорғау комиссиясына 11 іс-құжат жолданып, 2 отбасын ата-аналық құқықтан айырылса, 6 жасөспірім балалар үйіне, 3 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Алдағы уақыттарда да түркістандық полицейлер балалармен жүргізілетін жұмыстарды бұдан әрі пысықтап жандандыратын болады.