Алматы қаласының бас имамы менингококк вирусына байланысты мәлімдеме жасады
Бүгінгі таңда Алматыдағы менингококк вирусының тіркелу оқиғалары жиілеуін және бірнеше адамның осы аурудан қаза болғанын ескере отырып, егер бойымызда менигиттің белгілері байқалған болса, уақыт оздырмай дереу дәрігерлерге қаралып, қажет болса оразаны ашуға шариғат рұқсат етеді, деді Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек Шоқаев. Бұл туралы zakon.kz хабарлайды.
Рамазан – әрбір мүміннің асыға күтетін береке мен мейірімге толы ай. Бұл айдың әрбір сәттерінде күллі әлемге Алла Тағаланың рақымы үздіксіз төгіліп тұратыны ақиқат. Сол берекелі сәттерден құралақан қалмауымыз үшін шамамыз келгенше Алланың парызын орындап, ораза ұстайтынымыз белгілі.
Алайда, Алла Тағала адам баласына тек қана жеңілдік қалайтынын, ауырлық қаламайтынын естен шығармауымыз қажет. Сол үшін Алла Тағала адамның түрлі жағдайлары мен күйін ескере отырып қажеттілік туындаған кездерде оразасын үзіп, кейінірек қайта өтеуіне Құранда рұқсат берді, -дейді Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек Шоқаев.
Себебі, біздің дініміз ешбір уақытта, ешкімге ауырлықты жүктемейді. Керісінше қоғамның өсіп-өркендеуіне қолайлы жағдай жасап, адамзаттың өмірін жеңілдететін дін. Оның дәлелі ретінде Құран Кәрімнің «Бақара» сүресі, 185-аятын келтірсек:
وَمَنْ كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَىٰ سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِنْ أَيَّامٍ أُخَرَ يُرِيدُ اللَّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلَا يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ
«Ал кім науқас не сапарда болса, санын басқа күндері толтырсын. Алла Тағала сендерге жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды», - деп ескертті. Сондай-ақ, «Бақара» сүресі, 195-аятында:
وَلَا تُلْقُوا بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ
«Өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер»,- деп өзімізді өзіміз құрдымға кетіретін, білімсіздік кесірінен өлімге душар ететін әрекеттерден сақтанудың қажет екендігін міндеттеді.
Рамазан айында нақты ауырған кісінің ораза ұстауы аурудың асқынуына, емнің кешігуіне кедергі болған жағдайда оған оразасын ашуға болады. Оразаның ауру кісіге зиянды екені не өзінің бұрынғы тәжірибесінен, не білікті дәрігердің нұсқауымен анықталуы қажет. Ұстамаған күндерінің қазасын соңынан басқа айларда сауыққанда өтейді. Қатты науқас кісінің: «Ауырсам да ұстай беремін», - деп шешім жасауы дұрыс емес. Себебі, денсаулық Алла Тағаланың адам баласына берген аманаты, оған қиянат жасауға болмайды. Біз қала тұрғындарын өз денсаулықтарын сақтауға, аманатқа қиянат етпеуге шақырамыз, - деді Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек Шоқаев.
Алла Тағала елімізді түрлі ауру-сырқаулардан аман сақтасын!