Гүлшара Әбдіқалықова жоғары білім беру көшбасшыларының VІІ Еуразиялық форумына қатысты
Форум жұмысына ұлттық және әлемдік сарапшылар, ғылыми қызметкерлер, мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің, білім саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ әлемнің 15 елінен (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Корея Республикасы, Австралия және т.б.) 150-ден астам делегат қатысты. Бұл туралы zakon.kz Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде биылғы форумның Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отырғанын айтты.
Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Елбасының білім беру жүйесінің жан-жақты дамуына айрықша көңіл бөлетінін атап өтіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен әрдайым сіздердің білім алуларыңыз бен дамуларыңыз үшін қажетті барлық жағдайды жасауға тырысып келемін. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептерін аштым, «Болашақ» бағдарламасын бекіттім» деген сөзіне тоқталды.
Назарбаев Университеті – еліміздің маңызды ұлттық жобасы. Осы оқу орны ашылғаннан бері (2010 ж.) оның қабырғасынан 2 мыңға жуық маман түлеп ұшты. Университет биохимиялық және ядролық инженерия, робототехника, мехатроника және басқа да сирек бағыттар бойынша кадрлар даярлайды. Мұнда әлемнің түпкір-түпкірінен келген үздік оқытушылар жұмыс істейді және ең заманауи материалдық-техникалық құралдармен, зертханалармен жабдықталған.
Бүгінде Назарбаев Университеті жаһандық деңгейдегі ғылыми-білім беру орталығына айналып, Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Сингапур және Азиядағы басқа да елдердің 14 жетекші университеттерінің қатарына қосылды.
– Жоғары оқу орындары келешекте еңбек нарығындағы бәсекеге төтеп беру үшін, білімнің үздік бағдарламалары бойынша оқытылған жаңа форматтағы мамандарды даярлауға тиіс, – деді Мемлекеттік хатшы.
Форум соңында Гүлшара Әбдіқалықова жиынға қатысушылардың сындарлы сұхбат құрып, табысты жұмыс істеуіне тілектестігін білдірді.