Бөрлі ауданына жаңа әкім тағайындалды
4 маусым күні, ҚР Президенті Әкімшілігі мен Бөрлі ауданының мәслихат депутаттарының келісімімен ротация бойынша Санжар Жұматайұлы Әлиев Бөрлі ауданының әкімі болып тағайындалды.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов Бөрлі аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, аудан активіне жаңа әкімді таныстырды.
Санжар Жұматайұлы Әлиев 1978 жылы туған. Білімі жоғары, 2000 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық Университетін экономист-бухгалтер, 2002 жылы Орталық Азия Университетін заңгер мамандықтары бойынша оқу бітірген.
2001-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің Бюджетті жоспарлау және қаржы департаменті бас маманының міндетін атқарушы, бөлім бастығы, индикативтік және қаржылық жоспарлауды жиынтық талдау және қаржы басқармасының жетекші маманы.
2002-2012 жылдары Қаржы полициясында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
2012 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің сарапшысы, инспекторы.
2013 жылғы 18 қарашадан Тасқала ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Ал Бөрлі ауданын екі жыл басқарған Алдияр Халелов Тасқала ауданы әкімі болып тағайындалды.
Жаңа әкімді аудан активі алдында таныстырған облыс әкімі Алтай Көлгінов Алдияр Сансызбайұлына алғыс айтып, жаңа аудан басшысына сәттілік тіледі. Актив жиынында сөз алған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ибрагим Ізмағамбетов пен аудандық мәслихат депутаты Мұрат Ибрагимовтар Алдияр Халеловтың еңбегіне аудан тұрғындары атынан зор алғыс білдірді.
Айым Нұрғалиева