Әкімнің орынбасары қағып өлтірген жігіттің әкесі шенеунікті жазаламауды сұрады
Шығыс Қазақстанның Риддер қаласында адам өліміне әкеп соқтырған көлік апатына қатысты соттың алғашқы отрысы өтті. Марқұмның әкесі Виктор Смольников соттан экс-шенеунікті бас бостандағынан айырмауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атышулы іске қатысы бар делінген Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев белгісіз себеппен сот отырысына келмей қалды. Ол бұған дейін сот процесіне кедергі келтірмеу үшін ақысыз еңбек демалысына кететінін мәлімдеген болатын.
Сотта Өскемен әкімі басты куәгер ретінде жауап беруі керек болған. Оның қатыспауы салдарынан сот үкімі шықпай қалды. Сотта қайтыс болған жігіттің әкесі сөз алып, күдікті ретінде қамауға алынған Риддер қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Құрманбаевты бас бостандығынан айырмауды сұрады.
«Мен Құрманбаевқа бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауларыңызды сұраймын. Мұндай шешімге келуіме ешқандай ақшаның қатысы жоқ. Ешкім мәжбүрлеген де жоқ. Құрманбаевтың туыстары кешірім сұрай келген кезде олардың да жағдайымәз емес екенін көрдім» - деді Виктор Смольников.
Дегенмен ол экс-шенеунікті кешірмегенін ҚазАқпарат тілшісіне айтты.
«Мен оны бас бостандығынан айырмауды сұрағаныммен, кешірдім деген сөз емес. Оның да менің ұлым сияқты балалары, мен сияқты әкесі бар екен. Соны ескеріп, соттан бас бостандығынан айырмауды сұрадым» - деді марқұмның әкесі.
Ертең 14.30 да екінші сот отырысы болады.