Қазақстанның дүкен сөрелеріндегі шұжық пен ірімшіктен қауіпті ішек таяқшалары табылды
«Испанская» пісіріліп-сүрленген салями шұжығынан ішек таяқшалары тобының бактериасы табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі ҚР ДСМ қоғам денсаулығын сақтау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Қазақстандағы дүкен сөрелерінде Қырғызстанның қауіпті өнімдері сатылады.«РИХА» өндірген «Испанская» пісіріліп-сүрленген салями шұжығы сынамаларынан ішек таяқшалар тобының бактериялары табылды»,-делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ведомствода «Умут және Ко» ЖШС-нің «День и Ночь» шоколад және ақ глазурлы кілегей эскимосының сынамаларынан тамақтан улануды туғызатын Staphylococcus aureus бактериясы анықталды.
Бұдан басқа, «Эмилия» ЖШС өндіретін 45%-дық «голландиялық ірімшік» өнімінің сынамаларынан ішек таяқшалары тобының бактериялары табылды. Бұл ретте өндіруші «Эмилия» ЖШС жүргізілген санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралардан, сондай-ақ күшейтілген зертханалық бақылаудан кейін Қазақстанның тұтыну нарығына қауіпті өнімдерді жібермеу туралы кепілдік берген болатын. Дегенмен, бүгінгі күні бұл кепілдіктер сақталмады.
«Аталған барлық өнімдер Кеден одағының «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», « Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» және «Тамақ өнімдерін таңбалау тұрғысынан» техникалық регламенттерінің талаптарына сай келмейді»,- делінген хабарламада.
Бүгінде аталмыш комитет талапқа сай келмейтін өнімді алу және жою бойынша іс-шаралар жүргізіп, республиканың барлық аумағында зертханалық бақылауды күшейтуде.
Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекеттік бақылау органдарының өзара іс-қимылы туралы бұйрығына сәйкес, Комитет Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне осы жосықсыз өндірушілердің қызметін бақылау туралы хабарлама жіберді.