Астана атауын әуежайдан келе жатқанда талқыладық - елорданың алғашқы әкімі
ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, 1997-2003 және 2014-2016 жылдары елорданың әкімі болған Әділбек Жақсыбеков Ақмолаға Астана атауы қалай берілгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халықаралық тұсаукесерден бір ай бұрын Астана өзінің жаңа атауын иеленді. Тарихи атау - Ақмола -жергілікті жердің сакралды мәнін, қасиеттілігін айшықтайтын. Алайда біздің тарихымызбен жете таныс емес адамдар, әлде, жаңа астананы сынау үшін әдейі сыныққа сылтау іздеушілер, оның атауының түрлі жағымсыз түсіндірмелерін ойдан шығарды. Қоғамда, газет беттерінде бұл тұрғыда қызу пікірталас туды. Бұл туралы, әрине қоғамдық пікірге үнемі ден қойып отыратын Мемлекет басшысы да білді», - деп жазды Әділбек Жақсыбеков «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Астана - Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны» мақаласында.
Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың әр минутты тиімді пайдаланатынын атап өтті.
«Жұмыс мәселесін талқылау Мемлекет басшысын жиі күтіп алатын әуежайда басталатын да, қалаға жол үстінде жалғасатын. Қандай да бір салынып жатқан нысанға жолай соға кету жиі болып тұратын. Бір күні біз Президентті ел аралап келе жатқан бетінен күтіп алдық. Тікелей әуежайда ол Премьер-Министр Нұрлан Балғымбаев екеумізді өз машинасына отырғызып алды. Астананың атауын өзгерту шын мәнінде пісіп-жетілді, - деп әңгімені бірден бастады Мемлекет басшысы.
Өңірлердегі кездесу барысында көптеген адамдар осы туралы әңгімелеп, сұрақтар қойды. Президент аз-кем үнсіз қалды да, жартылай сұраулы түрде «Астана» деген атау сіздерге қалай, ұнай ма деді. Тегінде бұл өзі қанатты сөз, болашаққа ұмтылыстың нышаны болар ма еді. Мемлекет басшысының сұрағы бізді, әдеттегідей, әбігерге салды. Президент ойланып-толғануға уақыт берген және көп өтпей-ақ әңгіме қайта жалғасын тапты», - деп еске алды Жақсыбеков.
Нұрсұлтан Әбішұлы «Астана» үшін сенімді уәждер келтірген: бұл сөзде баршаға мәлім нақты мағына бар және дәлме-дәл астананы білдіреді; екіншіден, онда жағымсыз саяси немесе тарихи бұра түсіндіруге негіз жоқ; үшіншіден, ол қазақ тілінде де, басқа тілдерде де әуезді, жағымды естіледі. Ақыр соңында, халықаралық таныстырылымда ұсынылатын жаңа атау елдің жаңаруының нышанына айналды.
Қазақстан астанасы бас қалалардың әлемдік тізіміне жаңа атаумен енді.
«Нұрсұлтан Әбішұлы қаланы қайта атау туралы шешім заң бойынша тек мәслихат пікірі ескеріле отырып қана қабылдануы мүмкін екенін бірден-ақ айтты да, менің депутаттармен кездесуімді сұрады. 1998 жылғы 6 мамырда астаналық мәслихаттың сессиясы шақырылды. Депутаттар Мемлекет басшысының ұсынысын қызу қолдады. Көптеген адамдар мұның дұрыс әрі дер кезінде қабылданған шешім екенін айтты. Елорда Астана деген жаңа атауға ие болды», - деп өз сөзін түйіндеді Әділбек Жақсыбеков.
Сондай-ақ, бұл мақалада Әділбек Жақсыбеков бизнестен мемлекеттік қызметке қалай ауысқанын да жазған еді.