«Томирис» фильмінің продюсеріне қатысты жаңа мәліметтер шықты
Алматыда «Томирис» фильмінің продюсері Анна Чакиртова белгісіз жағдайда жоғалып кетті. Екінші шілде күні кешкі тоғыздар шамасында кеткеннен қайта оралмаған. Бұл туралы zakon.kz, КТК телеарнасы жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Телефоны мен құнды заттарын да үйінде қалдырған. Бірақ кетерінің алдында қызына хабарлама жіберген.
Астана әлем балаларының шығармашылығына арқау болды Еңбек министрі Шелектегі қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады Шелектегі шырғалаң: Уланып көз жұмғандарға кәріз құдығына түсуге кім бұйрық берген?
Анасы Аннаның соңғы хабарламасы қызының көңіліне күдік ұялатқан. Алдыңғы күні кешкі тоғыздан 24 минут кеткенде жолдаған хатынан кейін жоғалған.
Ұялы телефон мен басқа да заттарын өзімен алмаған. Жары Марат не деп жорамалдарын да білмейді. Өмірден баз кешіп кетердей көре алмас қасы да, батқан қарызы да, тұрмыста кикілжің болмаған дейді.
Марат Нұғманов, А.Чакиртованың жары: -Сағат сегіздер шамасында Достық пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы дәріханаға барған. Қызым кейінірек ол жердегі бейнебақылаудың жазбасын алды. Түрлі дәрі-дәрмек сатып алған. Жұмыс көп, ұйқысы аз болғандықтан үнемі басы ауыратын.
Дәріханадағы жазбаға қарағанда Аннаның үстінде қара көйлек. Көзілдірік таққан. Шашы түюлі. «Томирис» фильмінің продюсері Анна Чакиртованың жоғалуы әріптестерінің төбелеріне жай түсіргендей болды. Кейбірі, тіптен жұмыстарын тастап, Аннаны іздейтін еріктілердің қатарына қосылған.
Толғанай Талғат, ерікті: -Подьезге қарап тұрған камера жоқ болғандықтан бізге қиын болып тұр. Ол кісі оң жаққа кетті ме, сол жаққа кетті ме, соны біліп тұрған жоқпыз.
Кеше он отыздар шамасында белгісіз нөмірден Аннаның әпкесінің телефонына қоңырау шалынған. Тұтқаның ар жағынан сыбырлап шыққан дауыс естіліп, байланыс үзілген. Бірақ, балалары ол аналары Анна ма, әлде басқа біреу ме әзірге түсіне алмай тұр.Жақындарынан түскен арыздан кейін, ішкі істер департаменті іздеу шараларына кірісті.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі: -Арнайы тергеу тобы құрылып, іздестіру ісі жандандырды. Қазіргі таңда бұл тергеу тобының құрамына криминалдық полиция басқармасының да қызметкерлері кірген болатын. Бастапқыда барлық болжамдар есепке алынып отыр. Ол қандай себептермен, неліктен жоғалуы мүмкін деген сұрақтарға жауап іздеудеміз.
Бір хабар бола ма деген үмітпен еріктілер әр аулаға Аннаның суретін іліп, қаланың қуыс-қалтарыстарын тізе бікпей сүзіп жатыр. Ал, қызы Камилаға «Мен сені сүйем» деп анасы жолдаған соңғы хабарламасының төркіні әлі жұмбақ болып тұр.
Автор: Асқарбек Қазанғап