Салафизмді түбегейлі жеңудің жолдары
Екі мыңыншы жылдардан бергі содырлар салған қанды-қасап қаралы шежірені қаперге алсақ, салафизмнің қоғам үшін аса қауіпті діни идеология екеніне көз жеткіземіз. Салафизм өкілдері дәйім ауызға алатын «бидға», «ширк», «кафир», «тағут» терминдеріне қазір қас мамандар түгілі былайғы жұрттың да құлағы үйрене бастады.
Бұл қауіпті тенденция! Себебі, оған көз бен құлақ үйренісе бастаса, бірте-бірте қоғам салафизмнің қас-қабағына қарай бастауы бек мүмкін. Сондай-ақ, әбден тісқаққан кексе салафилерді былай қойғанда, олардың отбасында тәрбиеленген жаңа буынның бой көрсете бастауы, аталмыш мәселенің әзірше һәм тақау арада күн тәртібінен түспейтінін аңғартады.
Ендеше, салафизм дертінен құлан-таза айығу үшін не істеуіміз қажет?
Біріншіден, өсіп келе жатқан жас буынның тәрбиесін бір сәтте көзден таса қылмауымыз керек деп ойлаймын. Ол үшін ата-аналар мен тәлімгерлер балаларының кімдермен араласатынын, ортасы қандай екенін, қандай мәліметтермен сусындайтынын, оларды не нәрсе толғандыратынын әрдайым бақылап отыруы қажет. Самарқаулыққа жол берілсе, оның соңы орны толмас қасіретке әкеліп соғады. Оған талай мәрте куә болдық. Әсіресе, ғаламторға телмірген жас буынды қандай мәліметтер қызықтыратынын қадағалаған жөн. Келешегіміз жарқын болсын дейтін болсақ, ұрпағымыздың тәлім-тәрбиесіне немқұрайлы қарамағанымыз абзал.
Екіншіден, жасөспірімдер мен жастардың теріс діни ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін, олардың діни және қоғамдық танымын дұрыс һәм оң бағытта қалыптастыратын баламалы қайнар көздерді ұсыну қажет. Ол үшін мектептердегі үйірмелердің тәлімдік функиясын күшейтіп, одан тыс мешіттердегі сауат ашу курстарында тәрбиелік мәні бар дәрістерді енгізуіміз қажет. Тек тиым салумен жас буынды заман сұранысына сай өскелең ұрпақ етіп тәрбиелей алмаймыз. Баланың қажеттілігін балама жолдар арқылы өтеген дұрыс.
Үшіншіден, салафизмге қарсы жаңа әлеуметтік институттарды қалыптастыруымыз шарт. Ауылдан қалаға оқуға немесе жұмыс істеуге келген жастардың жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін ұлттық және дәстүрлі діни құндылықтарымызбен баулитын орталықтар мен интернаттар (қайырымдылық мекемесі) құруымыз қажет. Жалпы, біз Қазақ халқының имандылыққа негізделген қала мәдениетін әлі қалыптастыра алмай келеміз. Ауылдан жап-жақсы болып келген жас буын қалаға келіп жат ағымдардың жетегіне ереді немесе қылмыстық топтарға ұрынып жатады. Оның басты себебі, жастарды ауылдағыдай тәрбиелейтін қалада қазақы рухтағы институттар жоқтың қасы. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Қазақ халқының имандылыққа негізделген қала мәдениетінің негіздерін жасауымыз шарт.
Төртіншіден, ХХІ ғасыр жаһандану дәуірі болғандықтан, ақпарат алмасу жиілігі қоғамда жоғары деңгейде дамуда. Оның оң тұстарымен қатар теріс әсерлерінің көбірек екенін байқау да қиын емес. Ғаламтордағы ақпараттарды қауіпсіз ету үшін кибер-қалқан құрып, теріс мәліметтер тарататын сайттар мен аккаунттарды дер кезінде бұғаттап отыруымыз керек. Әсіресе, бүлікке бастар теріс діни идеологияны насихаттайтын сайттар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды қатаң бақылауға алған жөн. Одан тыс шетелдерден Қазақстан жастарына бағытталатын теріс уағыз-насихаттардың алдын алу үшін кибер-қалқан құру шарт.
Бесіншіден, біз қоғамда кең етек алған заңсыз миссионерлікке қатаң тиым салуымыз керек. Діни уағыз-насихаттың тек заңда қарастырылған культтік орындарда ғана айтылуына рұқсат беріп, одан тыс жасырын пәтерлер мен офистерде және т.б. орындарда діни насихаттың жүргізілуіне ада-күде тиым салу қажет. Жалпы, бұл мәселе жайында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде құқықтық нормалар қарастырылғанымен, салафизм өкілдері әлі күнге дейін жария және жасырын түрде өз идеологияларын насихаттауда. Оған түпкілікті тоқтам жасағанымыз жоқ. Демек, қадағалауды және заң бұзушылыққа қарсы айыппұл мөлшерін арттырып, өзге де санкция түрлерін қатайтқанымыз жөн.
Алтыншыдан, салафизмнің қаржы көздерін анықтап, мейлі ол қандай жолдармен қаржыландырылса да оған бұғаттау шараларын жүргізгеніміз абзал. Теріс діни идеологияның қоғамда белсенді күшке айналуына жол бермес үшін оларға шетелдерден бөлінетін қаржы аударымдары мен коммерциялық іс-әрекетттің жолын кесу керек. Сондай-ақ, діни экстремизмді қаржыландыратын қандай бір индивид немесе заңды тұлға болсын, оларды қатаң жауапкершілікке тарту қажет. Әсілі, базбір салафилік топтарды олар машықтанған кәсіп көздері есіртіп отырғаны бізге аян. Олай болса, олар монополияға айналдырған кәсіптерге мемлекет бәсекелестікті күшейткен дұрыс.
Жетіншіден, Қазақстан қоғамында әһлу-сунна бағытында сапалы діни білім беру шараларын қолға алып, халықтың діни танымының көкжиегін арттыра түсуіміз керек. Ол үшін Қазақстандағы исламдық оқу орындарының және мешіттердегі сауат ашу курстарының сапасын көтеруіміз шарт. Сондай-ақ, отандық медресе-колледждер мен ЖОО-ғы білім беру үрдісін шетелдік оқу орындарының озық әдістемелерін қолданып, оқытушылардың ғылыми әлеуетін көтеру керекпіз. Әсіресе, діни экстремизмнің алдын алу мен оңалту ісін жүргізетін кадрларды әзірлеуге көбірек маңыз бергеніміз жөн.
Түйін: Діни экстремизім жегіқұртын жеңу үшін сан түрлі айла мен әдіске жүгінгеніміз хақ. Десе де, ең бастысы салафизм дертіне қоғам бой үйретпесі үшін аталмыш діни идеологияның дәстүрлі діни танымымызға һәм қазақ мәдениетіне кері әсер ететін тұстарын әрдайым халыққа жеткізіп отыруымыз керек. Сонымен қатар, салафизммен күресте енжарлыққа ұрынбай, ұдайы мобилизациялық әдіс-тәсілдерімен тегеурінді күресуіміз қажет.
Ернат Қыдырмоллаев
ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры