Бақытжан Сағынтаевтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары жалғасуда
Біз бұған дейін Премьер-министр Б.Сағынтаевтың облысымызға жұмыс сапары басталып, өндірістік нысандарда болғанын хабарлаған едік. Дәл қазір облыс активімен кездесу өткізуде.
-Облыс үлкен, аумағы кең. Бірнеше нысанда болдым, жолшыбай ауылдағы ағайынмен кездестік. Елбасы тапсырмасымен салынып жатқан әлеуметтік нысандарда болдық. Елбасы мамыр айында облысқа іссапармен келіп кеткен соң Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді. Жоспарлар бекітіліп, ол Үкіметтің бақылауында,-деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев облыс активімен кездесуінде.
Атқарылған жұмыстар жөнінде Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев баяндама жасады.
Облыс активімен және бизнес өкілдерімен өтетін кеңесте жобалық басқару мәселелері талқыланып, осы жылдың 6 айындағы жұмыстардың қорытындылары шығарылып, Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларында, «Бес әлеуметтік бастамасында» берілген міндеттерді одан әрі шешуге қатысты жоспарлар қаралды. Бұл жиында БҚО әкімі Алтай Көлгінов облыстағы жол мәселесіне тоқталып өтті.
Актив жиынында Үкімет басшысы облыстағы әр салада ілгерілеу барын айтып, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
Премьер-министр жұмыс сапары барысында «Орал — Тасқала — Озинки РФ шекарасы» және «Қазталов — Жәнібек — Бөкей ордасы» автожолдарының құрылыс барысы тексерілді. Мұнда Премьер-Министр Қазталов, Жәнібек және Бөкей орда аудандарының өкілдерімен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысын талқылады. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысының барысын тексеруге және «7–20–25» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысу үшін Зашаған кентіне барды.
Еске сала кетсек, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұған дейін Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстарына барып қайтты.