Танымал әншінің аты-жөні өлілердің тізімінде жүр
Елге көптеген әнімен танымал әнші Қажымұрат Шешенқұл бес жылдан бері өзінің тірі екенін дәлелдей алмай келеді. Орталық базадағы өлген адамдардың тізіміне еніп кеткендіктен сазгер көптеген кедергілерге тап болып келе жатқанын айтады. Ал ақпараттың қай жерден қате кеткенін ешқандай мемлекеттік орган білмейді. Бұл туралы zakon.kz Алматы телеарнасы жазған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
«Мұң бар менің кеудемде», «Қаражорға», «Бүлдірген қыз», «Сен ғана» сынды көптеген әнімен көрерменнің көзайымына айналған әнші орталық ақпараттардың ішіндегі өлілердің тізіміне 2013 жылы еніп кеткен.
О дүниелік әруақтардың қатарына кіріп кеткенін әнші осыдан екі жыл бұрын көлік құжатын рәсімдеу кезінде бір-ақ біліпті. Астағфиралласын айтқан Қажымұрат бірден Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, бұрмаланған құжатты қайда қалыпқа келтіруді сұрапты.
«5 жыл болды. Сол бес жылдан бері бір жерге барып тіркелгім келсе де, медицина орталығына барып тіркелейін десем де, маған өлілердің қатарындасың дейді. Көлігімді сатсам да, бір жұмыс орнына барсам да аты-жөнім қызыл сызықта тұрады», – дейді әнші Қажымұрат Шешенқұл.
Қайтқан адамдардың қатарынан қайта-қайта қылтыңдап шыға берсе де, Қажымұраттың өзі осыдан бір жыл бұрын ғана Қазақстан азаматтығын алыпты. Көп жыл күткен құжатын құшақтап, балаларымен бірге медициналық орталыққа тіркеуге барғанда, дәрігерлер «өлген адамға» қызмет көрсете алмаймыз деп тағы да кері қайтарған.
Дәрігерлердің айтуынша, тірі Қажымұрат 2013 жылы маусымның 11-күні «о дүниеге аттанған». Ақпаратты тіркеген әділет министрлігі.
«Болған қателік біздің деңгейімізде жасалмаған. Анықталған жайтты жоғарғы жаққа мәлімдедік. Ол жерде мәселені анықтайды. Менің ойымша проблеманы олар шешуі керек, өйткені адам тірі, сау, құжаты қолында. Оның отбасы, балаларын емханаға бір күннің ішінде тіркедік», – дейді №15 қалалық емхана МКК бас дәрігерінің орынбасары Жанна Кужаева.
Әнші әу баста қеткен қателікті айтып, Медеу аудандық ХҚКО-ға бес рет келгенін айтады. Олар АХАЖ бөліміне жіберген. Бірақ әншінің мәліметін тексерген орталық басшыларының айтуынша құжат дұрысталған, Қажымұрат қазір тірілердің қатарында. Ал әу баста кімнен, қай жерде қателік кеткені белгісіз.
«Біз арқылы тапсырады, тек тапсырады. Біз мәліметтерді алғанан кейін тек келген, тапсырған адамдардың ғана деректерін енгіземіз. Бірақ адам қашан қайтыс болды, туылды, қашан, не істеді деген мәліметтерді енгізбейміз. Бізде ондай архив те, база да жоқ. Оны тек ЗАГС қана тексеріп бере алады», – деді Алматы қаласы Медеу аудандық ХҚКО құжат қабылдау бөлімінің маманы Лаура Дауылбай.
Осыдан бес жыл бұрын өзбекстандық әлдебір келімсектің бастаған үш жігіттің бүтін бір отбасын өлтіріп кеткені әлі ел есінде. Сол марқұмдардың ішінде Қажымұраттың туған інісі Ермұрат та болған. Әншінің бір болжамы бойынша, ақпараттық орталықта отырғандар тегі бір ағайындыларды шатастыруы мүмкін. Бірақ өзінің айтуынша, осыдан бес жыл бұрын марқұм болған інісі керісінше тірілердің қатарында әлі тұр.
Әмірболат Құсайынұлы, Рашид Шүкірәлиев