Лисаков қаласында кеншілер жаппай уланып қалды
Кеше Лисаков қаласында Краснооктябрь боксит басқармасының асханасынан түстік тамақ ішкен 39 жұмысшы уланып қалды деп жазады Егемен Қазақстан газеті.
Алдымен 38 адам медициналық көмекке жүгінген, содан соң 24 адам Лисаков қалалық ауруханасына жатқызылып, 14 адам облыстық ауруханаға жөнелтілген болатын.
Ертеңіне облыстық ауруханаға тағы 10 адам жеткізілді. Осы мәселе бойынша облыстық қоғамдық денсаулық қорғау департаменті мамандары өткізген баспасөз мәслихатында тамаққа уланған жұмысшылардың халі жақсарып келе жатқандығы айтылды.
– Жұмысшылар орта және жеңіл дәрежеде уланған. Өмірлеріне еш қауіп жоқ. Олардың арасынан 15 адамды ауруханаға жатқызбауға да болар еді. Бірақ профилактикалық шара және улану себебін аяғына дейін зерттеу үшін барлығы да емдеу орнында болуы керек деп шештік. Қазір барлығы ем алып жатыр. Жұмысшылар асханада дайындалған түстік тамақтан кейін өздерін нашар сезінген. Лисаков қалалық және облыстық ауруханаларында жатқан жұмысшылардың жағдайы жақсарып келеді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Екатерина Слободенюк.
Дәрігерлер уланған жұмысшыларға «асқынған асқазан қабынуы» деген диагноз қойды. Оның жұқпалы екені де айтылды.
– Иә, бұл жұқпалы ауру. «Асқынған асқазан қабынуы» – аурудың жалпы атауы, бұл әрі қарай түр-түрге бөлінеді. Ол сальмонеллез бе, асқынған жұқпалы іш ауруы ма, әлде вирустық жұқпалы ауру ма, әзірге ешнәрсе айта алмаймыз. Науқастардан талдауға материалдар алынды. Лабораторияда зерттелген соң, барлығы анықталады, – деді облыстық қоғамдық денсаулық қорғау департаменті жұқпалы және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлім Досымова.
Дәрігерлер жұмысшылардың улануы сапасыз азық-түліктен бе, тамақтың сапасыз дайындалуынан ба, әлде ауырған адамнан тарады ма, оны тап басып айтуға әлі ерте екенін айтты. Асханада тазалау, дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Алынған материалдар тексерісінен кейін барлығы анықталады. Ал науқастар ауру жағдайына қарай 7 күннен 10 күнге дейін емделеді.
Нәзира Жәрімбет