Павлодарда 10 өзге ұлт отбасы төрт айдың ішінде қазақ тілін үйренді
Павлодарда 10 отбасы «Отбасымен бірге үш тілді үйренейік» тілдік бранч жобасы аясында төрт ай бойы мемлекеттік тілді үйренді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы Гүлнар Нұрмағамбетова айтты.
- 29-сәуірде басталған курс бүгін өз мәресіне жетті, - дейді Гүлнар Нұрмағамбетова. - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша біздің басқарманың ұйымдастыруымен өткен тілдік бранч жобасына қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Олармен «Ана тілі» орталығының жетекшісі Шолпан Кинжикова әр аптаның жексенбі күндері алты сағат бойы жұмыс істеді. Орталыққа отбасымен келген өзге ұлт өкілдері шай ішіп, тілдік ортаға ену арқылы қазақ халқының тарихы, тұрмысы, рухани құндылықтары туралы дәрістер алды.
Курстың ең белсенді қатысушылары - Кузиндер отбасы. Үй шаруасымен отырған Светлана Кузина жеті, 10 және 12 жастағы үш қызымен бірге үзбей жауапкершілікпен келіп отырған.
- Бүгінгі таңда бұл жанұя қазақ тілін жақсы түсінеді. Сұрақтарға жауап беріп, қонақтарды күте алады. Жобаға қатысуға ниет білдірген тұрғындар алдын ала әлеуметтік желі арқылы таралған хабарлама бойынша естіп келген, - дейді Гүлнар Нұрмағамбетова.
Үш тілді үйренуге бағытталған аталмыш мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға биылғы жылы жергілікті бюджеттен 3 млн 300 мың теңге бөлінген. 80 сағаттан тұратын жобаның 40 сағаты мемлекеттік тілге бөлінсе, қалған 40 сағат ағылшын және орыс тілдеріне арналған.
Басқарма ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде Павлодар қаласында мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 81,1 пайызды құрайды.
Ақбота Сейсенбаева