Мас ұшқыштың кесірінен қазақстандық әуекомпания жұмысын тоқтатты
Азаматтық авиация комитеті қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін "Қазавиа" компаниясының лицензиясын қайтып алды деп жазады sputniknews.kz.
Алматы облысында былтыр жазда Як-12 ұшағы апатқа ұшырап, оқиғаны тергеу нәтижесінде компанияның жұмысы тоқтатылды. Ұшақ командирі мас күйінде штурвалды басқарған. Қазақстанның инвестициялар және даму министрлігі азаматтық авиация комитеті сертификациялық талаптарды бұзғаны үшін биыл 25 тамыздан бастап "Қазавиа" ҰАК" ЖШС-нің жұмысын тоқтатты.
25 тамызға дейін әуекомпания қол астындағы қызметкерлер мен салық органдары алдында қарызын өтеуі тиіс. Сонымен бірге азаматтық авиация органына эксплуатациялық спецификациясы бар авиациялық жұмыстар бойынша куәліктің түпнұсқасын он күн ішінде қайтаруы тиіс.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр 27 шілдеде Алматы облысы Панфилов ауданында Шолақай ауылына жақын жерде Як-12 ұшағы апатқа ұшырады. Апат салдарынан екі адам қаза тапқан — 54 жастағы ұшқыш пен 39 жастағы жолаушы Мәсімжан Мәсімов – шаруа қожалығының басшысы.