Бейбіт Шүменов келесі кездесуін тағы Қазақстанда өткізуі мүмкін
Бейбіт Шүменов кәсіпқой бокстағы келесі кездесуін де Қазақстанда өткізгісі келеді, деп хабарлайды Хабар 24.
Бұл жөнінде ол біздің арнаға берген эксклюзивті сұхбатында айтты. Бірінші ауыр салмақта сынға түсіп жүрген жерлесіміз енді WBA тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы Арсен Гуламирянмен жолығу керек. Бокс кеші алдағы күзге жоспарланып отыр. Кейін оның жеңімпазы Александр Усик пен Денис Лебедев арасындағы жекпе-жектің үздігімен кездеседі. Айта кетейік, Бейбіт Шүменов 2 жылға жуық үзілістен кейін жуырда ғана кәсіпқой боксқа қайта оралды. 7 шілде күні Астанада түркиялық Хизни Алтункаямен жолығып, WBA тұжырымы бойынша белдігін қайтарды. Бұл оның кәсіпқой рингтегі он сегізінші жеңісі болатын.
– Келесі жекпе-жекті де Қазақстанда өткізу жоспарда бар. Өйткені елімізде кәсіпқой боксты дамытқымыз келеді. Жалпы елімізде жиі жарыс өткізуге тырысамыз. 2-3 кездесуде өзімнің физикалық бабыма келіп, салмағымдағы барлық белдікті жеңіп алғым келеді, - дейді кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов.