Айыппұл көлемін төмендету, санкцияларды жеңілдету, ескертулер белгілеу — ӘҚБтК оңтайландыру туралы
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс қоғам өмірінің көптеген салаларын қамтиды және оның әрекет ету ауқымы азаматтардың көп тобына таралған. ӘҚБтК-ті оңтайландыру әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өндіріске қатысатын адамдардың құқықтарын қорғау тәртібін анық реттеуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Еске салайық, 2017 жылдың 28 желтоқсанында Мемлекет басшысы «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған.
ҚР әділет вице-министрі Наталья Панның айтуынша, заң жеткілікті түрде көлемді және үш негізгі бағыттан тұрады: әкімшілік-деликтілік заңнаманы ізгілендіру (барлық түзетулердің 61%), әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша жекелеген өндіріс институттарын жетілдіру (барлық түзетулердің 8%) және ӘҚБтК процедуралық және процессуалдық нормаларын жүйелеу (барлық түзетулердің 31%), ол істерді қарау тәртібін жетілдіруді қарастырады және «айыппұл төлеудің қажеттігі туралы ұйғарымның» процессуалдық-құқықтық мәртебесін айқындайды.
Бұл заңнамада ӘҚБтК нормаларын күшейту қарастырылмаған. Заң жобасында ізгілендіру мақсатында әкімшілік-деликтілік заңнаманы одан әрі жетілдіру және бірнеше әкiмшiлiк құқық бұзушылықтарды азаматтық немесе тәртiптiк жауапкершiлiкке аудару, ықтимал жұмсарту және төмендету тұрғысынан әкiмшiлiк іс-қимылдар санкцияларын қайта қарау бағытында репрессивтілікті төмендету бойынша міндеттер қойылған.
"Жаңа ӘҚБтК аса маңызды жаңалықтарының бірі — әкімшілік құқық бұзушылық ісі бойынша қысқартылған өндірісті енгізу. Бұл институт жеті тәулік ішінде салынған айыппұлдың 50% ғана төлеуге мүмкіндік береді. Бұған дейін ол тек жеке адамдарға қатысты әрекет етті. Жаңа институт өзінің практикалық қолданылу жолын тапты. Осыған орай желтоқсанда қабылданған Заңға сәйкес, қысқартылған өндіріс институты лауазымды тұлғалар мен заңды тұлғаларға, сондай-ақ автоматты режимде жұмыс істейтін арнайы техникалық құралдармен белгіленген құқық бұзушылықтарға қатысты әрекет ете бастады", - деп атап өтті Пан.
Осылайша, бұл институт өз ісін қосымша 673 әкімшілік құқық бұзушылық құрамына дейін таратты. Сонымен қатар, бұған дейін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 810-бабының екінші бөлігінде баптың санкциясында өндіріп алудың басқа да түрлері қарастырылған жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізуді қолдануға тыйым салынды. Бұл шектеу санкциялары баламалы негізде «айыппұлды» немесе «ескертуді» қарастыратын құқық бұзушылықтардың құрамдарына қатысты болды. Заң қабылданғаннан кейін қысқартылған өндіріс осы жағдайларға да қатысты тарала бастады.
Санкциялар 339 әкімшілік құқық бұзушылық құрамдары бойынша жеңілдетілді.
"Атап айтқанда, Заңға сәйкес 158 құрам бойынша айыппұлдар көлемі төмендетілді. 31 құрам «ескерту» түріндегі жазамен толықтырылады. 150 құрамда санкциялар азырақ репрессивті жазалармен ауыстыру арқылы жеңілдетілді. Сонымен бірге, ауырлататын мән-жайлар болмаса, ескерту жасауға міндеттейтін ереже қарастырылған. Мәселен, белгіленген жылдамдықтан асырғаны үшін салынатын айыппұлдардың көлемі бұрынғысынан жарты есеге қысқартылды. Егер бұған дейін 10-нан 20 км/с-қа дейін жылдамдықты асырғаны үшін салынатын айыппұл 24 мың теңгенің маңайында болса (10 АЕК), ал қазір айыппұл көлемі 12 мың теңгені (5 АЕК) құрайды. Сонымен қатар, дәл осы секілді бағдаршамның тыйым салынған сигналына жүріп өткен кезде салынатын айыппұл көлемі 20 АЕК-тен 10 АЕК-ке дейін төмендетілді, сондай-ақ бұндай өзгерістер жол қозғалысы саласындағы басқа да құқық бұзушылықтарға қатысты енгізілді", - дейді ҚР әділет вице-министрі.
Тағы бір мысал. Бұған дейін күндізгі уақытта автокөлік шамдарын жақпай жүргенге салынатын айыппұл 12 мың теңге (5 АЕК) мөлшерінде болған болса, қазір ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда тек ескерту жасалуы мүмкін. Олай болмаған жағдайда айыппұл 7215 теңгені (3 АЕК) құрайды. Бұл ереже Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің барлық баптарына қолданылады. Яғни, баптың санкциясында ескерту қарастырылған және ешқандай ауырлататын жағдайлар болмаса, ескерту қолданылады.