Грант саны бойынша ҚазҰУ көш басында тұр
Грант саны бойынша жасалған рейтинг тізімінің алғашқы сапында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұр. Грант жеңіп алған үздік түлектердің 6,6 мыңы ұлттық университетте білім алатын болды, деп хабарлайды Егемен Қазақстан газеті.
Аталған университеттің Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, грант иегерлерінің басым көпшілігі – «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары.
Оқ бойы озық шыққан университетте білім алғысы келген талапкерлердің радиотехника, электроника, телекоммуникациялар, ақпараттық жүйелер, автоматтандыру, басқару, туризм, химиялық технологиялар сынды мамандықтармен қатар халықаралық қатынастар және құқық, құқықтану, қаржы, есеп және аудит, экономика сияқты факультеттерге сұранысы жоғары.
Жекелеген мамандықтар бойынша үміткерлер саны бір орынға 15-20 талапкерден келеді.
Әлемдегі ЖОО-ның үздік топтамасына кіретін білім, ғылым және инновацияның жетекші орталығы әрі қосдипломды білім бағдарламаларын жүзеге асырып отырған университетте магистратура мен докторантураға түсуге ынта білдіргендер көрсеткіші де жоғары.
Эльвира Серікқызы