Түркістанда 30 жастағы келіншек тоғызыншы сәбиіне жүкті
18 жасында тұрмысқа шыққан Жанат Ерімбетова бүгінде көп балала ана. Жолдасы Айдар Ерімбетовпен кездейсоқ танысқан, деп жазады Sputnik.
Құрбыларымен такси тоқтатып, жүргізушісімен танысады. Содан бастап қыз-жігіт болып кездеседі. Үш ай өтпестен шаңырақ көтереді. Алғашында қара шаңырақта тұрған. Кейін мемлекет беген үш бөлмелі пәтерге көшеді.
Ерлі зайыпты балаларына мағыналы мұсылманша есім берген.
Тұңғышы Арафат 13 жаста, тңңғыш қызы Нұрай 12-де. Ұлдардың екіншісі Мұхаммед 10 жаста. Арай 8-де, Ибрахим 7-де, Кәусар 6-да. Жетінші перзент Інжу 4 жаста болса, отбасының кенжесі Гаухар 2 жаста.
Бес бала мектепке барады. Үш ұлы дзюдомен айналысады. Жолдасы әйеліне үй шаруасына көмектесетінін айтады.
“Жұбайым екеуміз сыпайы қатынастамыз. Себебі бала әке-шешесіне қарап өседі. Олар жақсы болу үшін, алдымен өзім дұрыс жүруім керек. Шылым шексем, ішімдік ішсем, балаларым да сондай болады. Сондықтан алдымен өз ісіммен үлгі болуым керек”, – дейді жолдасы.
Көпбалалы ананың жолын берсін деген ниетпен көпшілік Жанатқа түкіртіп жатады екен. Жанат кейде той-томалақтан соң көз тиіп ауыратынын да жасырмайды.
Көпбалалы ана елбасымен кездесуді армандайды.
“Жыл сайын Елбасы қыз-келіншектерді қабылдап, құрмет көрсетіп жатады ғой. Қарасаңыз, араларында әншілер көп. Оларды күн сайын теледидардан-ақ көріп жүрміз. Неге мен секілді көпбалалы қарапайым аналар шақырылмайды деген ой мазалайды. Ол біз үшін үлкен мәртебе болар еді. Елбасымен бір үстелде әңгіме-дүкен құру — менің үлкен арманым” деп сөзін түйді Алтын алқа иегері.